Тоқаев Ақордада Әзербайжанның сыртқы істер министрін қабылдады
Кездесу кезінде ол Қазақстан халқына алғыс айтқан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Ақорда жазды.
«Сіздің сапарыңыздың бауырлас Әзербайжан елімен ынтымақтастығымызды одан әрі ілгерілету тұрғысынан мәні зор. Біз үшін Әзербайжанмен қарым-қатынас ерекше маңызға ие. Біз Сіздің еліңізді сенімді стратегиялық серіктес және одақтас ретінде қарастырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Джейхун Байрамов әзербайжандық әуе желісіне тиесілі ұшақтың Ақтаудағы апаты кезінде жедел көмек көрсеткені үшін Қазақстан тарапына Президент Ильхам Әлиев пен Әзербайжан халқының атынан алғыс айтты.
Кездесуде ауқымды стратегиялық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс пен суасты электр желісін тарту мәселелері талқыланды.