Бүгін ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Автор: Azattyq Rýhy

Зұлмат жылдары қазақ даласында 103 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан тарихының қаралы жылдарына жататын 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматы репрессияға ұшыраған еді.

Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар  Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары қаза тапқан еді.

Тарихи деректерге сүйенсек, қуғын-сүргін мен ашаршылықтан қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы тарихи күнге байланысты, Қазақстан халқына үндеу жасаған еді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады

«ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды», - деп тоқталды Президент.