Облыс әкімі президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімнің айтуынша, облыста жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 46 жаңа өндіріс орны іске қосылған. Ауыл медицинасын дамыту үшін 18 нысан салынып, 6 аурухана күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ, 5 «Жайлы» мектеп», 7 қарапайым мектеп салынған.
Облыстағы жұмысшыларды қолдау үшін әкімдік «Отбасы банкімен» бірлесіп «Шығыс маманы» арзан ипотекасын іске қосқан.
«Өңір тұрғындарын толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндет жыл соңына дейін орындалады. Бұл бағытта құны 14 миллиард теңге болатын 8 жоба орындалады. Алдағы екі жылда өңірге кемінде 1,5 триллион теңге инвестиция тарту, 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй және 28 әлеуметтік нысан салу, сондай-ақ ұзындығы 600 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр», - деп баяндаған облыс әкімі.
Президент облыс экономикасын әртараптандыру, қайта өңделген өнім экспортын кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беру керек екеніне тоқталды.