Өзбекстан мен Әзербайжан шекараларынан азаматтарды ID-карталары арқылы өткізбек
Екі ел осы мәселені талқылап жатыр

Өзбекстанның көші-қон және азаматтарды тіркеу бас басқармасы мен Әзербайжанның мемлекеттік көші-қон қызметі онлайн-кездесу өткізіп, биометриялық ID-карталарды өзара мойындау мәселесін қарастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл қадам екі ел азаматтарының шекарадан өтуін жеңілдетіп, көші-қон саясаты саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
«Екі ел азаматтары алдағы уақытта шекарадан биометриялық ID-карталарымен өтіп, шетелдік паспорт рәсімдемей-ақ жүріп-тұра алады», – делінген ресми хабарламада.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бұған дейін Орталық Азия елдері арасында ұлттық ID-карталарды өзара мойындау және ортақ туристік жобалар әзірлеуді ұсынған болатын.
«Туризмді дамыту мақсатында ұлттық ID-карталарды өзара мойындау мәселесін зерттеп, «Бір тур – бүкіл өңір» қағидасы бойынша туристік өнімдер әзірлеуді ұсынамын», – деген еді президент.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары да ұлттық ID-карталармен еркін кіріп-шығу, жүріп-тұру және тұру мүмкіндігіне ие болды. Бұл жүйе болашақта басқа елдерге де қолданылуы мүмкін.