Депутат пікірін әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жариялаған
Мәжілістегі AMANAT фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатындағы маңызды мәселелер туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейсенбаевтың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында ақпарат құралдарына сұхбат беріп, өткен жылды қорытындылауы жақсы дәстүрге айналып келеді.
«Президент сұхбатта әсіресе заңнама саласына ерекше тоқталып, Парламент жұмысына жоғары баға берді. Қашанда, заң – құқықтық мемлекеттің өзегі, әділеттіліктің тірегі. Осыған орай, былтыр Мемлекет басшысының Жолдауларында және Ұлттық Құрылтай отырыстарында бастамашылдық еткен бірқатар заңдардың қабылданғанын атап өткен жөн. Олардың қатарында азаматтардың үсті-үстіне несие алып, қарызға батуына жол бермеуді көздеген, әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, есірткі өндіргені үшін жазаны қатаңдатуға, лудоманияға, вейпке, вандализм мен бұзақылыққа тосқауыл қояға бағытталған бірқатар маңызды заңдар бар. Мемлекет басшысы биыл да халықтың үміті мен мүддесін және елімізді дамыту жолындағы басымдықтарды негізге ала отырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіруге баса мән берді», - дейді Бейсенбаев.
Жалпы, депутат атап өткендей, Тоқаев қоғамдағы барлық мәселеге ашық әрі нақты жауап берген. Соның ішінде, Бейсенбаев жазғандай, «қос билік, парламенттік басқару жүйесіне көшу туралы қауесеттер, уақыт белдеуі, ішкі, сыртқы саясат, энергетикалық тәуелсіздік, инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсарту, мемлекеттік тіл және тағы басқа мәселелерді да назарынан тыс қалдырмаған».
«Мәселен, былтыр Үкіметтің шешімімен еліміз жаңа уақыт белдеуіне көшкен болатын. Бұл өзгеріс, әсіресе, мемлекетіміздің шығыс, орталық, солтүстік өңірлері тұрғындары үшін қолайсыздық тудырып, наразылықтарын білдіргені белгілі. Осыған орай Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының Фракциясы Үкіметтің қатысуымен екі рет кеңейтілген отырыс өтікізіп, мәселені кеңінен талқылаған еді. Нәтижесінде, тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге келіскен болатын. Президентіміз осы мәселеге де көңіл бөліп, Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келуін тапсырды», - дейді Бейсенбаев.
Уақыт белдеуі туралы айтқан депутат бұл мәселе алдағы уақытта нақты шешімін табады дегенге сенім білдірген. Бұдан өзге Бейсенбаев президенттің парламенттік сайлауға қатысты айтқан сөзі маңызға ие дейді.
«Ел ішінде мерзімінен бұрын Парламент сайлауы өтеді деген сөздер де айтылып қалатын. Президент бұған да арнайы тоқталып, «Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құқылы» – деп, бұл мәселенің нақты нүктесін қойды. Бұл – Президенттің Парламент жұмысын бағалауы», - деді Бейсенбаев.
Ойын қорытындылаған Елнұр Бейсенбаев «мемлекет басшысының сұхбаты еліміздің ішкі-сыртқы саясатын толық қамтыған, қоғамдағы сауалдарға нақты жауап берілген, алда атқарылар жұмыс бағыттары айқын белгіленген стратегиялық құжат деп санайтынын» атап өтті.