Тоқаев Иран Президенті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесті
Тараптар қазақ-иран қатынастарының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ақорда.
«Хасан Рухани Иран тарапының Қазақстанмен тауар айналымын арттыруға мүдделі екенін атап өтіп, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының, сондай-ақ, Каспий теңізі арқылы өтетін мультимодальді дәліздердің әлеуетін тиімді пайдаланудың өзектілігіне тоқталды»,-делінген хабарламада.
Осы орайда Иран тарапы жүк тасымалын ұлғайту мақсатында аталған көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірлескен жұмыстардың маңызды екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты экономикалық байланыстарды жандандырудың нақты шараларын үкіметтер деңгейінде әзірлеуді ұсынды.
Мемлекеттердің COVID-19 індетіне қарсы күреске қатысты қабылдаған шараларына ерекше назар аударылды.
Иран Президенті індеттің таралуын болдырмау жөніндегі Қазақстан басшылығының қабылдаған шешімдері мен атқарған іс-қимылдарын, сондай-ақ, халық арасында кең ауқымда жүргізілген коронавирусты анықтау жұмыстарын жоғары бағалады.