$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.05.2020, 10:13
Саясат

Тасмағамбетовтың қызы, Қаппаровтан қалған мұра. Қайырымдылықпен айналысатын ірі қор иелері жайлы

Қазақстанда саясаткерлердің туыстары қайырымдылық қорын ашуға құмар

Тасмағамбетовтың қызы, Қаппаровтан қалған мұра. Қайырымдылықпен айналысатын ірі қор иелері жайлы
Фотоколлаж

Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын ірі қорлардың дені белгілі саясаткерлердің отбасымен байланысты. Саяси қызметте жүргендердің әйелдері мен балалары жасаған қайырымдылық туралы БАҚ беттерінде де жиі жазылады. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері басқаратын 10 шақты қор бар. Бұрын әртүрлі биік мансапта болған Иманғали Тасмағамбетовтың қызы, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев пен бұрынғы «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Нұрлан Қаппаровтың (марқұм – авт.) жұбайлары да қайырымдылық шаралардың басында жүреді.

Қайырымдылық қорлары заңды тұлға ретінде тіркелгенімен, корпоративтік табыс салығынан босатылады, бірақ жұмысшыларына берген айлықтан салық ұсталады, декларация тапсырады.

Azattyq Ryhy тілшісі белгілі саясаткерлердің отбасы мүшелері ашқан қайырымдылық қорлары мен меценаттық қызметі туралы ойларын жазып шықты.

ЕЛБАСЫНЫҢ ОТБАСЫ

Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің дені түрлі бағыттағы қайырымдылық қорларын басқарады.

1992 жылы Сара Назарбаева балаларды қорғау мақсатында жұмыс істейтін «Бөбек» құрын құрды. Ол балалар үйлерін техникамен жабықтау, мүгедек балаларға қолдау көрсету, емдеу бағыттарында ірі жобаларды жүзеге асырады. 1995 жылы «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы құрылып, кейін мектептерге сол арқылы «өзін өзі тану» пәні енгізілді. С.Назарбаева балаларды қорғаудағы еңбегі үшін түрлі халықаралық, мемлекеттік марапаттар алды.

Дариға Назарбаева 1992-1994 жылдары «Бөбек» қорының вице-президенті болды.

2001 жылдан бері Дариға Назарбаева Елбасының бастамасымен құрылған «Дегдар» гуманитарлық қорына басшылық етеді. Қор Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, әлеуметтік аз қамтылған халыққа, балалар үйлеріне, мүгедек балаларға қолдау көрсетумен айналысады. Сондай-ақ бұл жұмыстың басты бағыттарының бірі - қазақстандық әншілердің шетелдегі концерттерін ұйымдастыру. «Астана кештері», «Жапон көктемі», «Алға, Қазақстан», «Көктем самалы», «Жүрек Сазы» фестивальдерін осы «Дегдар» өткізеді.   

2007 жылдан бастап Дариға Назарбаева Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті –
Елбасы қорын да басқарады. Ұйым миссиясы - талантты жастарға көмек көрсету, қоғамдық маңызды әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы қоғамның шексіз әлеуетін дамыту. Қордың бас ғимараты «Назарбаев орталығында», қазір ол жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі орналасқан.

Медицина саласында жобалар жасап жүрген «Асар Береке» қорын да Дариға Назарбаева құрған, өзі жетекшілік етеді. Былтыр Арыс қаласында жарылыстан зардап шеккендерге қор тарапынан екі «қозғалмалы медициниалық орталық» жіберілді. Оған қоса, Дариға Нұрсұлтанқызы «Қоғамдық қорғау» қорын құрушылардың бірі.

Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қорының» директоры. Ол арқылы мектепке дейінгі, орта және жоғары білім сатыларында көптеген ірі жобалар жүзеге асырылды. Білім қоры Халықаралық бизнес университеті (UIB) және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) тең құрылтайшысы. 2015 жылы Қазақ-Британ техникалық университетінің акциясын сатып алды. 2019 жылы EXPO ғимаратында ашылған Astana IT университеті де осы қордың жобасы. Сонымен бірге ол «Мирас» халықаралық мектептері мен балабақшалары, Алматы халықаралық мектебі, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің иесі. Қордың негізгі қаржы көзін жоғарыда аталған оқу орындарына студенттер мен оқушылардың төлеген ақысы құрайды. Ал «Арыстан» әскери бағытындағы лицейде сабақ демеушілер есебінен тегін жүргізіледі. 

Елбасының кенже қызы Әлия Назарбаева болса, «Жандану әлемі» атты қоғамдық қорға жетекшілік етеді. Білім және мәдениет саласындағы әлеуметтік жобаларды және қайырымдылық шараларын қолдаумен айналысады. Қордың танымал жобаларының қатарына «Бала дауысы», «Bala Turkvisyon»,  байқауын, жасыл экологияны насихаттау бағытындағы көптеген бастамаларды жатқызуға болады.

«Бала дауысы» конкурсы, 2016 жыл

Елбасының інісі, кәсіпкер Болат Назарбаев 2016 жылы «Салиқалы ұрпақ» деп аталатын қор құрған. Көбіне «Берекелі үй» жобасы аясында жағдайы төмен отбасыларға баспана әперуге көмектесумен айланысатын қор биыл коронавируспен күреске 150 млн теңге бөлді.

ҚАППАРОВТАН ҚАЛҒАН МҰРА

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнар Досаева 2007 жылы құрылған «Дара» қайырымдылық қорының иесі. «Дара» қорының миссиясы – жетім, мүмкіндігі шектеулі және науқас балалардың өмір сүру жағдайлын жақсартуға және оларды дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру. Аталмыш қор қызметін балалардың медициналық мекемелері, балалар үйлері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттары арқылы жүзеге асырады.

Қор жобаларына ақшаны, негізінен «Samruk-Kazyna Trust» қоры, мұнай-газ компанияларына құбыр дайындайтын, дәнеркерлеу жүргізетін ERSAI компаниясы, шетелдік әйелдер киім брендтерінің франшизасын Қазақстанға әкелген (Max Mara, Fendi, Marina Rinaldi, Sergio Rossi, Simonetta Ravizza) «G and G Glamour» компаниясы береді. ERSAI компаниясы кезінде Ерболат Досаев, Нұрлан Қаппаров, Юрий Пак, Берік Қаниевтермен бірге құрған «Ланкастер Груп Казахстан» АҚ-ның құрамына кіреді.  Ал «G&G Glamour» Гүлнар Досаева мен бұрынғы Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың әйелі Гаухар Қаппароваға тиесілі.

Экс-министр (марқұм) Нұрлан Қаппаров, forbes.kz

Ал, марқұм Нұрлан Қаппаровтың атында қоғамдық қор бар. Экс-министр бұл қорды дарынды, аз қамтылған отбасылардан шыққан, мүгедек балаларды қолдау мақсатында 2005 жылы құрған. Қазір оны Қаппаровтың әпкесі Сандуғаш Кісембаева басқарады. Құрылтайшылары – Гаухар Қаппарова, Гүлнар Досаева, «Ланкастер Груп Казахстан» басшылары - Берік Қаниев пен Юрий Пак.  

Айтпақшы, Гүлнар Досаева қор құрудағы мақсаты туралы «Сізге тек инстаграмға әдемі фото салып, өзіңізді батыр сезіну ғана керек пе, әлде өмірде жолы жиі бола бермейтін адамдардың алдында өзіңізді кінәлі сезінесіз бе, біліп алу керек. Бұл сұрақтардың жауабы сіздің жұртқа көмек көрсету кезіндегі әрекетіңізден көрінеді. Қайырымдылық кезінде ең маңыздысы - көмекті алған адам» деп айтқаны бар.

2019 жылы қор бюджетке 13 млн 122 мың теңге салық төлеген.

ТАСМАҒАМБЕТОВАНЫ БАҚЫТТЫ ЕТКЕН «СӘБИ»

Белгілі саясаткер, бұрынғы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың қызы Әсел Тасмағамбетова жұбайы Кеңес Рақышевпен бірге белсенді түрде қайырымдылықпен айналысады. 2002 жылы құрылған «Сәби» қоры жетім, мүгедек балаларға және жас таланттарға көмектесу және экологиялық бағыттағы 10 ірі жобаны жүзеге асырған. Алматыдағы №174 мектеп-гимназиясы осы қорға тиесілі. Қазір «Сәби» бюджетінде 5,7 млрд теңге бар. Uchet.kz ұйымының мәліметінше, қор 2019 жылы бюджетке 2 млн 895 мың теңге салық аударған.

«Мен қайырымдылықпен ішкі қажеттіліктен, адамдарға пайдалы болғым келгендіктен айналысамын. Маған өз отбасым мен жақындарыма ғана пайда әкелу жеткіліксіз. Мен үшін қайырымдылық – үйреншікті дүние. Өмірімнің көп бөлігін соған арнаймын, бірақ одан ерекше мағына іздеудің қажеті жоқ. Филантропия өмірдің мәнін келтіріп, тұлғаны мықты ете түседі, ал ішкі дүниең байып қалады. Осы тұрғыдан алғанда мен бақытты адаммын», - деп жазады Әсел Тасмағамбетова өзінің жұмысы туралы.

ТОҚАЕВТЫҢ ОРНЫН БАСҚАН ӘБІЛҒАЗИН

Қазақстандағы ірі қайырымдылық қорларының бірі – «Аяла». Оны 2007 жылы құрып, басшылық етіп жатқан - белгілі кәсіпкер «Keruen city Astana» (50%),  «Keruen City Ақтөбе» сауда және ойын-сауық орталықтарының иесі Айдан Сүлейменова. Ал, оның күйеуі Данияр Әбілғазин Forbes Kazakhstan рейтингіндегі ең бай адамдар тізімінде 14-орында тұр. Жалпы, отбасына тиесілі сауда орталықтары мен «Қазмұнайгаз», Sinooil жанармай құю бекетттерінен алатын пайдасын қосқандағы активтері 430 миллион долларды құрайды.

Данияр Әбілғазин бизнестен бөлек ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті қызметін атқарады. 2018 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев орнына үстел теннисі Федерациясының президенті болып тағайындалды.

Ал «Аяла» қорының президенті Айдан Сүлейменованың әкесі Төлеутай Сүлейменов - Қазақстанның алғашқы сыртқы істер министрі (1991-1994 жж.). Бірнеше жыл АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінде төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарған. Айдан Төлеутайзықызының ағасы Диас Сүлейменов Қазақстандағы пойыз вагондары мен жолдарды жөндейтін ірі «Қамқор Менеджмент» компаниясының иесі. Тимур Құлыбаевтың ұлы Алтай Құлыбаевпен бірге Алматыда «Restoran.kz» ЖШС арқылы бірнеше мейрамхана бизнесін жүргізеді.

«Аяла» қоры 2019 жылы жалпы сомасы 110 млн теңгеге қайырымдылық жасаған. Алайда, қордың төлеген салық мөлшері – бар-жоғы 2 млн 807 мың 400 теңге. Қор басшысы Айдан Сүлейменованың «Әр адамның міндеті – қиналып жатқан балаларға көмектесу. Қалғанының бәрі наз бен еркелік» деген сөзі бар...

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары