Тұтынушылардың құқығы енді қалай қорғалады: 9 айда халықтан 121 мыңнан астам өтініш түскен

Автор: Аубакирова Нургуль

Тоғыз ай ішінде сауда министрлігіне тұтынушылардан 42 мың шағым түскен

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«AMANAT» партиясында  «Тұтынушылардың құқығын қорғаудың жаңа дәуірі – перспективасы мен шешімдері» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мұрат Әбенов қазір тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы Мәжілісте бірінше оқылымда мақұлданғанын атап өтті. 106 ұсыныс қабылданған, тағы біраз ұсыныс қаралып жатыр.

«Өкінішке қарай, тұтынушылардың құқығын қорғауға тиіс болған бұрынғы заң жұмыс істеген жоқ. Тұтынушыға өз құқығын қорғау қиынға соғатын. Сотқа арыздану үшін ол бірнеше сатыдан өтуге тиіс еді. Процедураны қатты қиындатып тастаған. Тұтынушылардың құқығын қорғау процесі сол арыз деңгейінде ғана қалады. Ешқандай механизм жоқ», - дейді Әбенов.

Қай салаға қазақстандықтардың көңілі толмайды

Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбековтің айтуынша, жыл сайын тұтынушылардан түсетін арыз-шағым саны көбейіп барады. Мәселен, уәкілетті органға биыл тоғыз айдың ішінде 42 мың өтініш түскен. Салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарда шағымдардың өскені байқалады. Егер 2021 жылы 44,8 мың арыз қаралса, осы жылы 9 айда 121 мыңнан астам өтініш түскен. Бұдан бөлек, қоғамдық бірлестіктерге де арыз-шағым көбейген.

«Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша тұтынушылар шағымының ең көбі мына салаларда байқалып отыр: бөлшек сауда – 17 837 (41,6%), электронды сауда – 9 473 (22,1%) және тұрмыстық қызметтер – 3 384 (7,9%). Туристік қызмет, медициналық қызмет және көлік пен байланыс қызметтерін көрсету салаларында ең көп өсім тіркелген. Арыз-шағымның өсуі тұтынушылардың құқығын қорғау саласында жүйелі проблемалардан сигнал береді. Тұтынушылардың құқығын қорғаудың тиімді тетіктерін әзірлеу үшін мемлекет, бизнес пен қоғам жұмыла әрекет еткен жөн. Қазіргі тұтынушылар тауар мен қызмет сапасына анағұрлым талапшыл, яғни заңнаманы жетілдіріп қана қою жеткіліксіз, бизнес клиенттердің қажеттілігін қанағаттандыру әдістерін де өзгертуі керек», - дейді Тынысбеков.

Оның айтуынша, өкінішке қарай жоғарыда келтірген статистика шынайы картинаны көрсетпейді. Себебі құқығы бұзылса да еш жерге шағымданбайтын тұтынушылар да бар.

«Бұған 2023 жылы жүргізілген тәуелсіз әлеуметтік зерттеудің нәтижелері дәлел. Ол СИМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы бойынша жасалған. Сол кезде азаматтар медицина қызметтерінің сапасына – респонденттердің 65,4%-ы; банк қызметтеріне – 60,3%; көлік, теміржол қызметтеріне – 52,4%, интернет провайдерлер көрсететін қызметтерге – 52,3%, туризм – 52,6% және білім беру қызметтеріне – 52,4% көңілі толмаған», - деп мәлімдеді комитет төрағасы.

Айтуынша, тұтынушыларды мазалайтын проблемалар жылдан жылға қайталанып келеді.

Тұтынушылар үшін не өзгереді

Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы бойынша 16 жұмыс тобы өткізіліп, 264 ұсыныс түскенін атап өтті. Айтуынша, бұл заң жобасының өзектілігін көрсетеді. Құжат 57 баптан тұрады.

«Маңызды нормалардың бірі – тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен институтын енгізу. Қазір бұл норма жан-жақты талқыланып жатыр, өйткені омбудсменді уәкілетті органның басшысы, яғни сауда және интеграция министрі тағайындайды деген ұсыныс енгізілген. Бірақ депутаттар мұнымен келіскен жоқ. Жақында жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов омбудсменді премьер-министр тағайындасын деген ұсыныс айтты. Осыған байланысты мен премьер-министрдің атына хат жолдадым. Ол жақын арада қаралып, тиісті жауап беріледі», - дейді Сабильянов.

Екінші мәселе – шарттарда тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын, оларға нұқсан келтіретін талаптарға жол бермеу.

Депутаттың айтуынша, көбіне сатушылар немесе қызмет көрсетушілер тұтынушылардың құқығын бұзады. Осыған байланысты заң жобасында тұтынушылардың құқығын бұзатын және оларға нұқсан келтіретін талаптарды қамтитын шарттарды жарамсыз деп тануға мүмкіндік беретін норма көзделген.

Үшіншіден, тұтынушылардың шағымдарын қарау жүйесін оңайлату жоспарланып отыр. Яғни тұтынушылар сотқа тікелей талап қоя алады немесе сатушыны жауапкершілікке тарту үшін мемлекеттік органға жүгіне алады. Сондай-ақ тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерге, қауымдастықтарға, омбудсменге жүгінуі қарастырылған.

Заң жобасында онлайн сауда тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселесі де қарастырылған. Құқықтары бұзылған және сотқа дейінгі кезеңде шешілмеген тұтынушылардың пайдасына кәсіпкерлердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі енгізіледі.

«Бұл заң жобасында сот сатушыдан тұтынушының талаптарын ерікті түрде қанағаттандырмағаны үшін айыппұл өндіріп алу да көзделген. Бұл да өзекті мәселе, өйткені көбіне тұтынушылар осы мәселені шеше алмай жатады. Бұдан басқа, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында көлік, туризм және өзге де қызметтер салаларында тұтынушылардың құқықтарын қорғау қағидаларын қолдану ұсынылады»,- дейді мәжілісмен.

Электронды сауда қалай реттеледі

Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбековтің айтуынша, тұтынушылар электронды сауда алаңдарында сатылатын тауарлар туралы ақпараттың жоқтығына, сатылатын тауардың сипаттамаға сәйкес келмейтініне және интернет-сайттардың тауарды кері алып, ақшаны қайтарудан бас тартатынына шағымданған.

«Сол себепті заң жобасында электронды сауда алаңдарының иелерін кәсіпкерлермен тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнама талаптарын сақтау бойынша келісімшарт бекітуге міндеттеу ұсынылып отыр. Бұл талаптарды орындамаған сатушы жауапқа тартылады, тіпті электронды платформада сауда жасау мүмкіндігінен айырылуы мүмкін», - деді Тынысбеков.

Ол жаңа ережелер арнайы реестрге енген шетелдік және отандық платформаларға да қатысты болатынын атап өтті.