Екі ел арасындағы келісім автоматты түрде ұзартылып отырады
Парламент Сенаты «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі мемлекет бұл келісімді 2023 жылғы 12 желтоқсанда Доха қаласында бекіткен.
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, құжат екі мемлекет арасында әскери білім беруге, әскери қызметшілерді даярлауға, біліктілікті арттыруға, әскери медицина, ғылым, мәдени, спорт саласында ынтымақтастық шараларын өткізуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ, қызметшілерге тіл үйрету, ақпараттардың құпиялығын сақтау, кедендік рәсімдеу, дауларды шешу, тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығу өткізу, бейбітшілік пен бітімгерлікті қолдау операцияларында консультация алу қарастырылған. Келісім жауынгерлік даярлық өткізу кезінде осы елдердің әуе кеңістігін және әскери полигондарын өзара келісілген мерзімде пайдалану, техникаларды тасымалдау мүмкіндігін көздейді», - дейді Сарыбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Заңды орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп көзделмесе, мемлекеттердің заңнамасы аясында тараптар көзделген қаражат шегінде өздері дербес көтереді.
Келісім 5 жыл мерзімге жасалып отыр. Егер осы мерзім аяқталғанға дейін тараптар алты айдан кешіктірмей келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабардар етпесе, уағдаластық келесі бес жылға автоматты түрде ұзартылады.
Сенат заңды бірауыздан мақұлдады.