Грузия президенті парламенттік сайлау нәтижесін мойындамай, халқын митингіге шығуға үндеді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол 28 қазанда бейбіт наразылыққа шығуды ұсынды

Фото: Salome Zourabichvili / X

Грузия президенті Саломе Зурабишвили елде өткен парламенттік сайлауда бұрмалаушылық барын айтты. Сайлау нәтижесі бойынша «Грузия арманы - демократиялық Грузия» билеуші партиясы жеңіске жеткен болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз өте ерекше нәрсеге куә болдық. Бұл - алаяқтық, сіздердің дауыстарыңызды ұрлау, сайлауды бұрмалау үшін барлық қаражатты пайдалану», - деді Зурабишвили.

Бұған дейін Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Грузияда өткен парламенттік сайлаудың заңсыздығын көрсететін фактілерді ешкім ұсына алмайтынын айтқан болатын.

Ол сондай-ақ Зурабишвили сайлаудан кейін жаңа сайланған парламенттің бірінші отырысын өткізуге тосқауыл қоя алмайтынын айтты.

«Мен бүгін елде қалған жалғыз тәуелсіз институт ретінде бұл сайлауды мойындамайтынымды айтқым келеді», - деді президент өз кезегінде.

Зурабишвили халықты 28 қазанда бейбіт наразылыққа шығуға шақырды.