«Түркі елдерінің мүддесі ортақ»: Түркия елшісі қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол екіжақты стратегиялық ынтымақтастық туралы да ой қозғады

Фото: Түркия елшілігі

Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу Azattyq Rýhy редакциясына эксклюзив сұхбат бере отырып, қазақ елін Республика күнімен құттықтады.

«Түркия мен Қазақстан дос әрі бауырлас ел ретінде өте терең және берік мәдени байланыстарға ие. Біздің «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деңгейіне жеткен қарым-қатынас барлық салада дамуы мен нығаюын жалғастырып жатқанына қуаныштымыз. Түркия Қазақстанның реформалық шешімдері мен оның табысты көпвекторлы сыртқы саясатын мұқият қадағалап, қолдайды. Сонымен қатар, соңғы уақытта біздің көшбасшыларымыз бен үкіметтер арасындағы жоғары деңгейдегі сапарлар тығыз ынтымақтастықтың маңызды көрсеткіші болып отыр», - дейді елші.

Мұстафа Капуджудың айтуынша, Қазақстан - еліміздің Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі.

«Біз қазақ бауырларымызбен 10 миллиард доллардан асатын сауда көлемін одан әрі ұлғайту үшін ауқымды жұмыс істеп жатырмыз. Екіжақты қарым-қатынастан басқа, біз Қазақстанмен көпжақты платформаларда, атап айтқанда Түркі мемлекеттері ұйымы және Түркітілдес елдердің басқа да ынтымақтастық ұйымдары аясында тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Біз түркі әлемін интеграциялаудағы Қазақстанның жетекші рөлін жоғары бағалаймыз», - дейді елші Мұстафа Капуджу.

Сондай-ақ елішінің айтуынша, Қазақстанның бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтаудағы стратегиялық маңызы өте зор.

«Астананың көпжоспарлы сыртқы саясатының нәтижесінде Қазақстанның біздің өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларының маңызы зор екенін атап өткім келеді. Қазіргі оң қарым-қатынасты жақсарту мақсатында мемлекет басшылары тікелей қадағалап отырған жобаларды іске асыру бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз. Біздің ата-бабамыздың тарихи жері  бүгінде Қазақстан аумағында орналасқан. Түркі тарихын дұрыс түсіну және түркі әлемінің ортақ болашағын құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарда Қазақстанды қолдау өте маңызды. Барлық түркі елі түркі әлемінің бір бөлігі және ортақ ұлы мұраға ие», - дейді елші.

Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу барша қазақстандықты Республика күнімен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.

«Қазақстанның Республика күні - елдің қалыптасуының маңызды кезеңдерін бейнелейтін ұлттық мереке. 2024 жылы біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 33 жылдығын атап өтеміз. Түрік халқы әлі де қазақ бауырларын қолдап, қасынан табылады. Біз ынтымақтастықты екіжақты негізде де, көпжақты платформалар аясында да жалғастырамыз. Халқымызға бейбітшілік пен өркендеу тілей отыра, Қазақстанды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деп түйіндеді елші.