Қостанайдағы «Chevrolet» зауытында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта зауыт толық жүктемемен үш ауысымда жұмыс істейді

Қостанай автомобиль зауытындағы «Chevrolet» маркасының жаңа үлгілерін құрастыратын Қазақстан-Өзбекстан бірлескен желісінде жыл соңына дейін 1 мыңнан астам жоғары өнімді жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

«Жаңа өндірістік желіде «Chevrolet» маркалы автомобильдердің Damas, Labo, Trailblazer, Malibu, Spark сияқты бірнеше түрін құрастырады. «Chevrolet Damas» автобусы мен «Chevrolet Labo» жүк машинасы құнының ақырғы қолжетімді құны шамамен 3 млн. теңгені құрап, сауда, логистика, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы шағын және орта бизнес үшін тартымдылығын арттырады»,- делінген хабарламада.     

Қазақстанда автомобиль жасау – экономиканың серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі. Ағымдағы жылы автомобиль өнеркәсібі өнімдерінің жалпы көлемін жылына 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Салада оқшауланудың орта деңгейі 50%, коммерциялық техникалар мен автобустар бойынша 60-65% дейін жетеді.