Журналистің айтуынша, елімізде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асып жатыр
Журналист Жарасбай Сүлейменов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында референдум қорытындысына қатысты пікір білдіріп, ойын жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттің, халықтың болашағына қатысты ең өзекті деген мәселелер бойынша референдум өткізу дәстүрі қалыптасқан.
«Демек, атом-электр стансасын салуға қатысты қазақстандықтардың да ой-пікірлерінің таразы басына тартылуы, олардың еркін таңдау жасауына мүмкіндік берілуі қуанарлық құбылыс. Сайып келгенде, бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асып жатқанының, еліміздің демократиялық дамуының жаңа белеске көтерілгенінің айқын көрінісі. Аса маңызды саяси науқан барысында сауалнамалар жүргізген қоғамдық ұйымдар алғашқы нәтижелерді жариялай бастады. Мәселен, Қоғамдық саясат институтының өкілдерімен 44160 азамат ой бөліскен. Олардың 72,3 пайызы Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісетінін білдірген. Меніңше, бұл өте жоғары көрсеткіш. Оның астарына тереңірек үңілсек, бұдан халқымыздың ел өміріне қатысты көкейкесті мәселелерді талқылауға деген ынтасы артып, ынтымақ-бірлігі нығая түсуде деп ой түюге болады», - дейді ол.
Оның айтуынша, халықты мазалайтын тағы бір сұрақ бар. Ол «АЭС құрылысымен кім айналысады?» деген сауал.
«Дауыс бергеннен кейін журналистермен кездескен президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның да жауабын берді, Үкімет алдағы уақытта бұл мәселені саралап, шешім шығаруға, Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуге тиіс. Тағы бір сыннан сүрінбей өттік. Халқымыз дұрыс таңдау жасады. Өйткені ертеңгі күнді бүгін ойлағанымыз дұрыс. Осы сала мамандарының айтуынша, мұндай қадамның экономикалық тиімділігі зор. АЭС елімізді тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзімен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сол арқылы экологиялық ең таза әрі қауіпсіз өнімге қол жеткіземіз», - деп жазды Сүлейменов.