Әшімбаев: Референдум - Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асып жатқанын айтты

Фото: Azattyq Ruhy

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 164 сайлау учаскесінде дауыс берген еді. Ол  жалпыхалықтық пікірдің маңыздылығы жайлы атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін - еліміз үшін маңызды әрі тарихи күн. Елімізде жалпыұлттық референдум өтіп жатыр. Бұл референдумды Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам деп қабылдауға әбден болады. Бүгін біз Президентіміздің айқындаған «халық үніне құлас асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағына қатысты мәселелерге келген кезде тек мемлекеттік органдардың аясында емес, жалпыхалықтық пікірді ескеріп барып шешім қабылдау керегін айтқан еді», - дейді ол.

Әшімбаев атағандай, қазіргі таңда бұл ұстаным жүзеге асып жатыр.

«Халықтың пікірі ескеріліп, мемлекеттік органдар шешім қабылдайтын болса, әрине біз бүкіл қойған мақсатымызға жетеміз. Еліміз дамыған, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасады. Сол себепті еліміздің әр азаматының пікірі маңызға ие», - деді Мәулен Әшімбаев.

Еске салсақ, сайлау учаскелері таңғы сағат 07.00-де ашылды. Азаматтар кешкі сағат 20.00-ге дейін таңдау жасай алады.