«Әдейі ертіп келдім»: депутат Елнұр Бейсенбаев кішкентай қызымен бірге дауыс берді
Ол бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев №66 мектепте жұмыс істеп тұрған №165 референдум учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елнұр Бейсенбаев бүгін өте маңызды күн екенін атап өтті. Ол АЭС салу сияқты әлеуметтік-қоғамдық мәселе халықтың талқылауына шығарылып отырғанын айтты.
«Бұл референдум жайлы мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын Жолдауында айтқан болатын. Бұл «естуші мемлекет» тұжырымдамасының, сондай-ақ ашық мемлекет, әділетті Қазақстан орнатудағы ең негізгі қадамдарының бірі деп есептеймін. Бүгін дауыс беруге кішкентай қызыммен келдім. Мектеп оқушысы. Үйіміздің еркесі. Бүгін арнайы көрсетейін деп ертіп келдім. Олар да осы референдум жайлы естіді. Ол қаншалықты қажет деген сияқты сұрақтарын қойды. Қазір бәлкім, маңыздылығын түсінбейтін шығар. Бірақ бұл өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан үлкен қадам», - дейді ол.