Қоғам қазіргі заңдарды кез келген мәселені шешудің кілті ретінде қабылдайды – Қошанов

Темірхан Айжан

Мәжіліс спикерінің айтуынша, еліміз «Мықты Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының нақты нәтижесі көріп отыр

Қоғам қазіргі заңдарды кез келген мәселені шешудің кілті ретінде қабылдайды – Қошанов
Фото: AMANAT

Бүгінгі мәслихат депутаттарының форумында алғаш рет еліміздегі алты бірдей саяси партияның өкілдері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және бір мандатты округтерден сайланған депутаттар бас қосты. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов мәслихаттар форумы ең өзекті мәселелерді талқылайтын, пікір алмасатын дәстүрлі алаңға айналып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Парламенттің депутаттық корпусы мен Үкімет мүшелері де түгел осында. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысып отыр. Бұл – бәріміз үшін үлкен мәртебе. Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіріп қояйық! «AMANAT» партиясы ұйымдастырған бүгінгі форумды орталық пен аймақтардағы, барлық билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматы деуге болады. Өйткені, арамызда ел-елден, ауыл-аймақтан келген халық өкілдері отыр. Бұл мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауға күллі қоғамның атсалысып жатқандығының айқын көрінісі деп білемін», - деді жиында сөз алған Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов соңғы жылдары елімізде түбегейлі реформалар қолға алынып, іске асқанын еске салды.

«Конституциялық өзгерістердің нәтижесінде саяси институттардың үйлесімді жұмысы жолға қойылды. Бұл реформалар түйткілді мәселелерді шешуге, байыпты шешімдерді қабылдауға жол ашты. Заң шығарушы органның қызметі мен мазмұны да толықтай өзгерді. Көппартиялы Парламент түрлі пікірлерді тоғыстырған қоғамның үніне айналды. Қазіргі уақытта күн тәртібіндегі кез келген мәселе Парламент қабырғасында ашық талқыланып жатыр. Азаматтарды алаңдатқан ең көкейкесті мәселелер заңнамалық деңгейде шешімін табуда. Мысалы, халықтың несие қарызы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, лудомания, есірткіге тәуелділік, вейптер сияқты кеселдерге заңмен тосқауыл қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы, осының бәрі – Өзіңіз айтып жүрген заң үстемдігі мен тәртіп қағидасының іс жүзіндегі көрінісі. Бұған қоса, әділдікке сусап отырған халықтың талап-тілегі орындалып жатыр. Оң өзгерістерді қоғам шынайы сезініп отыр. Осы ретте, Сіздің бастамаңызбен бірқатар маңызды заң қабылданды. Соның нәтижесінде қолды болған активтер, заңсыз шетел асқан қаражат қайтарылуда. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жемісін әр бала, әр отбасы көре бастады», - деді ол.

«AMANAT» партиясының Төрағасы «Жұмысшы мамандықтары жылының» берген жемісін атап өтті.

«Бұдан бөлек, нағыз еңбек адамдарына деген көзқарас өзгерді, қолдау күшейді. Бір ғана мысал, зиянды өндірісте жұмыс істейтін еңбеккерлердің зейнет жасы төмендетілді. Бұл шахтада, карьерлерде, металлургиялық цехтарда зиянды әрі қауіпті жұмыс істеп жүрген жүз мыңдаған жұмысшыны қамтыды. Сіз жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» осындай игі істерден басталғалы отыр. Жалпы алғанда, заңнамалық жұмыстардың жаңа бағдары қазақ парламентаризмінің дамуындағы бір белеске айналды. Заң шығару ісінде пікір алуандығы мен идеялардың шынайы бәсекесіне басымдық беріліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қоғам қазіргі заңдарды кез келген мәселені шешудің кілті ретінде қабылдайды. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы ұсынған «Мықты Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының нақты нәтижесі. Осы алгоритм аймақтық деңгейде тиімді жұмыс істейтін болса, қордаланған мәселелердің көбін жергілікті жердің өзінде-ақ шешуге қол жеткіземіз», - деді ол.

Ерлан Қошанов қоғамның сұранысын қанағаттандырған бірнеше жобаның сәтті жүзеге асқанын айтты.

«Біз сол қоғамның сұранысына негізделген біраз жобаны қолға алдық. Соның бірі – азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы. Бұл жоба тұрғындарды қарыздың құрсауынан шығаруға көмектеседі. Жоба аясында Үкіметпен бірге биылдың өзінде 750 мың адамға қолдау көрсетіп, оқыту жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз партияның осы жобасына Өз Жолдауларыңызда қолдау білдірдіңіз. Сіздің тапсырмаңызбен «Қарызсыз қоғам» жобасы биылдан бастап жалпыхалықтық сипат алды. Сол үшін партияластарымның атынан алғыс айтқым келеді. Халықтың ерекше қолдауына ие болып отырған тағы бір бастама – «Жер аманаты» жобасы. Бұл жұмысты Үкіметпен, Бас прокуратурамен, жергілікті атқарушы органдармен бірге жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда 11 млн га жер мемлекетке қайтарылды.

Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы жемісті іске асуда. Бұл жоба Сіздің Сайлауалды бағдарламаңыздан бастау алады. Соның арқасында мыңдаған азамат шағын кәсібін ашып, тұрмысын түзеді. Жоба жүздеген отбасының атаулы әлеуметтік көмектен арылуына септігін тигізді. Біз бұл жобаларды әрі қарай да табанды түрде іске асыра береміз. Осы жұмыстың барлығына мәслихат депутаттары белсене қатысып жатқанын атап өткім келеді. Ел өміріндегі елеулі өзгерістерде жастардың рөлі өте зор. Осы орайда «AMANAT» партиясының жастар қанаты – «Жастар Рухының» белсенділігі ерекше. Екі жыл бұрын Сіз біздің жастарымыз үшін үш негізгі басымдық жайлы айтқан едіңіз. Ол – білімге ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл құндылықтар «Жастар Рухына» басты бағдар болып, жұмысына серпін берді. Біздің жастарымыз қоғамдық жұмысқа қызу араласып жүр. Кешегі су тасқыны сияқты қиын сәттерде олар алдыңғы шептен табылып, нағыз патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Жастар қанаты Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының қозғаушы күшіне айналды. Сол арқылы осы идеяны қоғамның өмір салтына айналдыруға ерекше атсалысып келеді», - деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов елімізде болып жатқан оң өзгерістер қоғамның болашаққа деген үмітін оятқанын айтты.

«Әділетті Қазақстанды құру – елдегі ауқымды реформалардың темірқазығы. Біз осы жолдан таймаймыз. Оң өзгерістер қоғамның үмітін оятты. Халқымыз Президенттің төңірегіне топтасып отыр. Азаматтарымыз таңдаған жолымыздың дұрыстығына көз жеткізіп, өткен конституциялық референдумда, Президент сайлауында толық сенім білдірді. Осы уақыт ішінде біз ұлт мүддесіне, ел тағдырына келгенде біріге алатынымызды талай мәрте дәлелдедік. Алдағы уақытта да дәлелдей береміз. Ертеңгі референдумда да осы сенімнің үдесінен шығамыз деп ойлаймын. Өйткені, бұл үміт пен сенімнің артында мемлекетіміздің болашағы тұр. Осы жолда халқымызбен бірге депутаттар да бар күш-жігерін жұмсауы керек. Өйткені, Президент бастамаларын, реформаларын табысты іске асыру – барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.