Тоқаев Антикор басшысы мен ҚМА төрағасын қабылдады

Автор: Темірхан Айжан

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 153,3 миллиард теңге аударылған

Фото: Ақорда

Президент Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Антикор басшысы Асхат Жұмағали еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы президентке есеп берді.

Ол ведомствоның 2022 жылдан бастап мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллион 90 миллиард теңге сомасында мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткенін айтты. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 153,3 миллиард теңге аударылған. Осы қаржыға қазірдің өзінде 50-ден астам мектеп ашылған. Сондай-ақ тағы 30 білім ошағын салу жоспарланған.

Агенттік Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, «Цифрлық теңге» платформасы арқылы жүзеге асыратын «ақшаны бояу» жобасын іске қосқан. Президент Жолдауында жүктеген міндеттерге сай жол құрылысы мен ауыл шаруашылығы салаларында сыбайлас жемқорлықты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Асхат Жұмағали «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына мониторинг жасалып жатқанын жеткізді. Тексеру барысында қаражатты тиімсіз пайдалануға және нысандарды тапсыру уақытын кешіктіруге себеп болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талданады.

Антикор басшысы есебінде педагогтердің еңбекақы қорынан миллиардтаған қаржы жымқыруға жол берген сыбайлас жемқорлық факторларын жою шаралары туралы айтты:

«Биыл Агенттіктің бастамасымен бюджет процестерін автоматтандыруға, Қазынашылықты білім беру мекемелерінің есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны пайдалануға бағытталған цифрлық шешімдер енгізілген», - деді ол.

Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов кездесуде Мемлекет басшысына Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың жүзеге асырылу барысын баяндалды.

Жанат Элиманов Заңсыз кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық жүйенің FATF ұсынымдарына сәйкестендірілгенін айтты.

Тоқаев агенттіктің жаңадан тағайындалған төрағасына көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге және қаржы саласының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берсе, антикор басшысына еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді тапсырды.