Әзербайжан мен Арменияның келіссөзі үшін Қазақстан тағы да Алматы алаңын ұсынуға дайын – Тоқаев

Автор: Azattyq Rýhy

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бүгін телефон арқылы сөйлесті

Фото: Ақорда

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнайы спорт делегациясын жібергені үшін Әлиевке алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тоқаев Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Қазақстан тарапы болашақта да Алматы алаңын келіссөздерге ұсынуға дайын екенін растады.

«Қазақстан президенті стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қарқынын жоғары бағалады. Осы орайда қыркүйек айының соңында өтетін Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері халықтар арасындағы бірлікті бекемдеуде маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжандағы Парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтап, саяси науқанды Қазақстанның өкілдері де бақылағанын атап өтті», - деп хабарлайды Ақорда.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Бакудің Астанамен екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін күш-жігер жұмсауға ниетті екенін жеткізді. Әңгімелесу достық рәуіште өтті.