Тоқаев Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті
Жильбер Унгбо Қазақстандағы реформаларға жоғары баға берген

Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент Жильбер Унгбоға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Халықаралық еңбек ұйымының арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан аса маңызды екенін айтты.
Ақорда хабарлағандай, Тоқаев Халықаралық еңбек ұйымының жұмысына тоқталған.
«Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл тұжырымдама Сіздердің әлеуметтік әділдік бастамаларыңызбен үндес. Халықаралық еңбек ұйымының сенімді әрі әділ, тиімді әлеуметтік келісімді қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбеккерлердің құқығын ілгерілету ісіндегі миссиясы ешқандай талас тудырмайды. Қазақстан Ұйымның 25 негізгі конвенциясын ратификациялады. Бұл жұмыс жалғаса береді», – деді Президент.
Жильбер Унгбо Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстанды құру жолында жүріп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады.
«Сіздің еліңіз әлеуметтік, еңбек жағдайын жақсартуға айтарлықтай күш салып отыр. Бұл біздің Ұйымның Әлеуметтік әділдік үшін жаһандық коалициясы аясындағы бастамаларына сай келеді», – деді Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жильбер Унгбо Қазақстанның әлеуметтік саясатын нығайтуға бағытталған шараларды ынтымақтаса отырып жүзеге асыруға және Халықаралық еңбек ұйымымен өзара тиімді серіктестікті дамытуға келісті.