Қоғамдық сана өзгерсе, ел де өзгереді – ерікті Айбек Таңатбаев
Белсенді президенттің Қазақстан халқына жолдауына Қостанай облысынан келіп қатысқан
Қазақстан Халқы Ассамблеясы волонтеры Айбек Таңатбаев өткен көктемде еліміз зардап шеккен алапат су тасқынынан кейінгі экологиялық жағдайды түзеуге байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қасым - Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Тұңғыш рет еліміздің әр аймағынан өкілдер қатысты. Мен де Қостанай облысы делегациясының құрамында болып, қатысып, ерекше әсермен қайттым. Отырыста Сенат пен Мәжіліс депуттатры, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам өкілдері және еңбек ұйымдарының өкілдері болды. Жыл сайын жолдайтын Президентіміздің осы бір маңызды құжаты өзінің тың жаңалықтарымен, құнды ұсыныстарымен еліміздің өркендеуіне, дамуына негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Сол себепті де Жолдауда айтылатын дүниелердің ауқымы жыл санап кеңейіп, салмағы да артуда. Мемлекетіміздің даму жолындағы бағыт берер маңызды құжатта Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолы да бірқатар мәселенің басын қайырып, жаңа бастамаларды жария етті әрі әр салаға кеңінен тоқталды.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, биылғы жылдың көктем айы еліміз үшін оңайға соққан жоқ. Табиғаттың тосын құбылысы еліміздің бірқатар өңірлерін әбігерге салып, алапат тасқынның салдарынан қаншама адам зардап шекті. Ерікті ретінде, елімнің азаматы ретінде мен де сол алапаттың басы-қасында жүріп, күн-түн демей ел үшін еңбек еттік. Тасқын судың әлегін өз көзімізбен көріп, халықтың қайғысын бірге көтерістік. Жолдауда Президентіміздің осы табиғи апатқа, оның салдарына тоқталып, тасқыннан зардап шеккендерге көмектің көрсетіле беретіндігін және жергілікті биліктің де осы алапаттан сабақ алулары керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, Президент қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажеттігін де алға тартты. Ол үшін қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білу керектігін, гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажеттігін, сонымен қатар суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керектігін де айтты», - дейді ерікті.
Айбек Таңатбаев Президенттің Жолдауда айтқан мәселелері тек қана билік өкілдеріне берілген тапсырма емес, бүкіл елдің азаматы бірлесе атқаруы тиіс шаруа деп есептейтінін жеткізді.
«Мемлекет басшысы: «Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек» деп атап өтті. Оның айтуынша, халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет.
«Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл тұрғыда Үкімет пен «Атамекен» палатасы осы бағытта нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл сөздерді мемлекет басшысы биылғы апатты сабақ қылып айтып отыр деп ойлаймын. Өзгертулер бізден басталады. Ал, қоғамдық сана өзгергенде – ел өзгереді.
Жалпы, өз басым Президентіміздің жыл сайынғы Жолдауы тек қана Үкімет пен өзге де уәкілетті ұйымдарға ғана берілетін бағыт-бағдар емес, сонымен қатар бізге де, яғни Қазақстанның азаматтарына да жолданатын бағдарлама деп есептеймін. Сондықтан, баршамыздың алдымызда үлкен жауапты жұмыстар тұр, әрі Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалуы үшін біз де бар күш-жігерімізді салатын боламыз», - деді Айбек Таңатбаев.