Жаңа спорт министрі үкіметте салтанатты түрде ант берді

Автор: Нұргүл Абай

Ол енді туризм және спорт министрлігін басқарады

Фото: gov.kz

Жаңа туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов үкімет отырысында Қазақстан халқына ант берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің сейсенбідегі дәстүрлі отырысы жаңа министрдің салтанатты ант беру рәсімінен басталды.

"Қазақстан халқы мен президенті алдында өз Отаным – Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант етемін», - деді Ербол Мырзабосынов.

Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктерден кейін көп ұзамай туризм және спорт министрлігін басқарған Ермек Маржықпаев президент жарлығымен қызметінен босатылды. Оның орнына Ербол Мырзабосынов тағайындалды.

Бүгінгі отырыста премьер-министр Олжас Бектенов Ермек Маржықпаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.