Жолдауда 100-ге жуық түрлі бастама бар – Ерлан Қарин

Молдатай Сымбат

Мемлекеттік кеңесші президент жолдауына қатысты пікір білдірді

Жолдауда 100-ге жуық түрлі бастама бар – Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

Жолдауда 100-ге жуық түрлі бастама бар. Президент атап өткен 9 басымдық мемлекеттік саясатты орындауға жұмылдырады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин президенттің Қазақстан халқына жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі бастамалары оның бұған дейінгі жолдауларынан және сайлау алдындағы бағдарламасынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналды. Мемлекет басшысы өз сөзінде азаматтардың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударды. Президент атап өткен барлық тоғыз басымдық мемлекеттік саясатты дәл осы міндетті орындауға жұмылдырады», - деп жазды Қарин.

Жолдауда 100-ге жуық түрлі бастама, ұстыныстар және тапсырмалар бар.

«Мысалы, салық жүйесін мұқият ойластыра отырып қайта жүктеу, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған шаралар топтамасын оңтайландыру, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі үшін қолжетімді несие беру, әділ әрі тиімді тариф саясатын жүргізу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, жасанды интеллектіні дамыту және жаппай цифрландыру, азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамсыз ету сияқты басымдықтарды айрықша атап өтеуге болады», - деп атап өтті ол.

Президент қоғамда бір жыл бойы талқыланып жатқан Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдумды өткізу күнін белгіледі.

«Бұл референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының және Әділетті Қазақстан идеясының жүзеге асырылып жатқанының тағы бір айқын дәлелі.

Мемлекет басшысы халықты алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталды. Оның ішінде интернет-алаяқтық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, наркобизнеске қарсы күрес, медициналық сақтандыру жүйесінің кемшілігі, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы, шағын және орта бизнес саласын шектен тыс мемлекеттік бақылау, ауыл шаруашылығы статистикасын бұрмалау сияқты түйткілдері бар.

Жолдаудағы көптеген әлеуметтік-экономикалық бастамалар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырыстарында айтқан идеологиялық тұжырымдардың іс жүзінде жүзеге асырылуының көрінісі болғанын атап өткен жөн.

Президент Жолдауын жариялауға арналған жиынға депутаттар, министрлер және әкімдер ғана емес, түрлі салада қажырлы еңбегімен дараланған жұмысшылар, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың және аймақтық қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысты. Бұл тәжірибе жаңа саяси дәстүрге айналып келеді», - деп жазды Ерлан Қарин.

Жалпы, Жолдау көптеген күнделікті міндетті шешу және елді дамытудың стратегиялық мақсаттарына жету жолдарына арналды, деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.