$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.08.2024, 12:00
Саясат

Саяси мемқызметшілерден қазақ тілін еркін білуді талап ету идеясы талқыланып жүр – Бақыт Нұрмұханов

Қазір елімізде бұл талап президент пен қос палатаның спикеріне қойылады

Саяси мемқызметшілерден қазақ тілін еркін білуді талап ету идеясы талқыланып жүр – Бақыт Нұрмұханов
Фото: Azattyq Rýhy/Георгий Копылов

Ертең – Қазақстандағы ең маңызды мереке Ата Заң күні. Бір жарым жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тікелей тапсырмасымен құрған Конституциялық Сот белсенді жұмыс істеп жатыр. Осы аралықта елдің бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін осы Конституциялық Сотқа жеті мыңнан астам арыз түскен. Azattyq Rýhy редакциясына экслюзивті сұхбат берген Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов бұл органның қалай жұмыс істейтінін, азаматтар қалай өтініш бере алатынын және осы уақытқа дейін Конституциялық Сот қаулы еткен қызықты кейстер туралы кеңінен әңгімелеп берді.

-Бақыт Маратұлы, Azattyq Ruhy ақпарат агенттігіне ашық сұхбат беріп жатқаныңызға алғыс айтамыз. Келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын! 30 тамыз – Қазақстан үшін, еліміздің әрбір азаматы үшін, әртүрлі қызметтегі сіз бен біз сияқты еңбек адамдары үшін ең маңызды мерекенің бірі – Ата Заң күні. Конституция жолдағы бағдаршам сияқты, өмір ағынын реттеп отырады. Бірақ, өкінішке қарай, біздің қоғамда «Конституциялық құқығым тапталды» деген сөзді естіп жатамыз. Президентіміз айтқандай, Қазақстан қашан заң үстемдігі толық орындалатын елге айналады деп ойлайсыз? Дәл осы жердегі Конституциялық соттың рөлі мен атқарып жатқан жұмысы туралы толық айтып беріңізші?

-Конституциялық сотқа қош келдіңіздер! Мен де Сізді және оқырмандарды алда келе жатқан мерекемен құттықтағым келеді. 

Сұрағыңызға келсек, адам құқықтарының бұзылу фактілері кез-келген елде бар, бірде-бір мемлекет бұндай келеңсіз жәйттерге толығымен тосқауыл қойдық деп айта алмас. Бұл жерде бастысы осындай заң бұзушылықтарға деген мемлекеттің ұстанымы, олармен күресу және болдырмау шараларын дер кезінде қабылдауға қауқарлылығы, тиімді жұмыс жасайтын тиісті органдар жүйесінің болуы? Осы тұрғыдан қарағанда елімізде тиісті құқық қорғау, сот органдарының қызметі осы мақсатқа бағытталған. Кезең кезеңімен осы жүйе жаңа тетіктермен толықтырылып, оған кіретін институттардың жұмысы жетіліп жатыр.

Конституция деген біздің Ата Заңымыз, қарапайым адам болсын, мемлекеттік қызметші болсын, заңгер болсын, бәріне ортақ құндылық. Бұл құжатта біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз қарастырылған. Сол құжаттың өмірде қаншалықты орындалып жатқанына қадағалау жасайтын, бақылау жүргізетін арнайы органдар құрылған және олар органдар 100-ден астам елде жұмыс істейді. Жалпы, құқық теориясында заң жүзіндегі Конституция және іс жүзіндегі Конституция деген екі ұғым бар. Конституция декларативті болып қалмас үшін, барлық субьектілер оларды өзінің күнделікті тыныс тіршілігінде, қызметінде пайдаланып, оның талаптары өмірге енуі үшін осындай органдар жұмыс істейді. Олардың басты міндеті - Конституцияның ең жоғары заңды күшін қамтамасыз ету. Міне, осы Конституциялық сот та біздің заңнаманың және құқық қолдану тәжірибесінің конституциялық талаптара сәйкес келуін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Қалыптасқан халықаралық тәжірибеге сәйкес, Конституциялық бақылау органдары өз бастамасымен іс қарап, шешім қабылдамайды. Енді нақты жұмыс туралы баяндап берсем:

Қазір Конституциялық сотқа 9 субьектіге жүгіну құқығы берілген. Олар: Президент, қос палатаның төрағалары, депутаттардың 5/1 бөлігі, соттар және премьер-министр. Бұл тізімге 2023 жылы тағы да 3 жаңа субьект қосылды: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және азаматтар қосылды.

Араға біраз жылдар салып, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды. Өздерінің конституциялық құқықтарын қозғайтын заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің Ата Заңның талаптарына сәйкестігін тексеруге бастамашылық жасау құқығына ие болды.

Міне, 1,5 жылдан астам уақыт ішінде осы тараптардан 7 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Ол өтініштердің басым бөлігі азаматтардан келген өтініштер. Ол дегеніміз, азаматтар өздерінің конституцялық құқықтарын пайдаланып, осындай органға жүгініп, өздері әділетсіз деп санайтын заңдарын, басқа да нормативтік құқықтық актілерді даулап, сондай әділетсіз заңның негізінде қабылданған басқа да сот үкімдері, әкімшілік, министрліктің бұйрықтары сияқты құжаттардың күшін жою арқылы өздерінің құқықтары мен мүдделерін қорғап жүр. Конституциялық сот осы уақытқа дейін 49 нормативтік қаулы қабылдады. Олар әртүрлі салаларды қамтиды. Қазір Конституциялық сот та өз тарапынан қоғам арасында оның өкілеттіліктерін, жұмыс істеу тәртібін кеңінен насихаттап келе жатыр.

-Біз бұл сұхбатымызда Конституциялық соттың жұмысын қағаз жүзіндегі есеппен емес, азаматтардың өміріне шынымен қандай пайда тигізіп, кімнің құқығын қалай қорғап жатқаны жағынан көрсеткіміз келеді. Сондықтан, сұхбатымызды шынайы кейстерден бастасақ. Бір айға жуық уақыт бұрын Конституциялық сот өте маңызды қаулы шығарды: енді Қазақстанда бойдақ ер азаматтардың да бала асырап алуына рұқсат бар. Біз бұл туралы бірнеше материал жаздық, Конституциялық сотқа өтініш түсірген адаммен де сұхбаттастық. Осы ретте бұл  оқиғаның қалай басталып, осы қаулыны неше адам қалай қабылдағаны туралы бастан-аяқ айтып беріңізші?

-Иә, жақында ғана Конституциялық сот Неке және отбасы туралы кодекстің бір нормасын Ата заңға қайшы деп тапты. Ол норма бала асырап алу тәртібіне байланысты. Жалпы, бұл өте күрделі процесс. Біріншіден, бала асырап алуға ниетті адамдарды жергілікті органдар кезекке қою керек. Бізге жүгінген азамат сол кезекке тұру сатысында проблемаларға тап болған. Өйткені, тиісті органдар оны тіркелген некеде жоқ ер адам болғандықтан кезекке қоюдан бас тартқан. Сосын ол азамат Конституциялық сотқа жүгінді. Конституциялық сот бала асырап алу туралы шешім өте маңызды мәселе екеніне басты назар аударды. Сондықтан, оны жан-жақты зерделеп барып, заңнамаға сәйкес қарау қажет. Баланы кім асырап алатынын, әрине, сот шешеді. Бұл процесте көптеген мән-жайлар міндетті түде ескерілуі керек. Біріншіден, бала асырап алушының жеке басына қойылатын талаптар сақталуы тиіс. Неке және отбасы туралы кодекстің 91-бабының 2-тармағында 15-тен артық тармақша бар, оларда кім мүлдем бала асырап алушы бола алмайды деген азаматтардың санаттары қарастырылған. Ондай азаматтар тіпті кезекке де қойылмайды. Екіншісі, халықаралық құжаттар да, біздің заңнамада да бұндай шешім қабылдаған кезде басты назарға алатын жәйт - баланың мүддесі. Асырап алған баласының қалыпты физикалық, психикалық, рухани және басқа да қырынан дамуына қажетті жағдайлар жасай алатын, тиісті тәрбие беруге қауқарлы, қабілетті адамдарға ғана бала беріледі. Конституциялық соттың тағы бір атап өткені: бұндай шешім шығарар кезде соттар некеде тұрған, отбасы бар адамдарға басымдық беруі қажет. Статистикаға да қарасақ, некеде тұрмайтын ер адамдарға қарағанда бала асырап алғысы келген адамдардың арасында, әрине, отбасылы адамдар көбірек. Яғни, жалпы, осы қаулыны шығарар кезде Конституциялық сот осы факторларды назарға алды. Ал, ер адамдарға келсек, осы нормативтік қаулы арқылы олар мүлде есепке де қойылмайды деген норманың күші жойылды. Бірақ, күші жойылды дегеніміз – ер адамдар автоматты түрде бала асырап алады дегенді білдірмейді. Бала асырап алу мәселесін сот шешеді. Ондай шешім қабылданғаннан кейін де біздің уәкілетті органдар кейінгі бақылауды тиісті жүзеге асыруы керек. Бала бір отбасына барғаннан кейін де қамқоршылық органдары онымен байланысын үзбеуі тиіс.  

Иә, менің де келесі сұрағым да осыған байланысты.  Осы іске қатысты сіздің жеке пікіріңізді білгім келеді: жалпы Сіз үйленбеген ер адамдардың бала асырап алуына қарсы емессіз бе? Білесіз ғой, жазда Шымкентте Ұлықбек Сманов деген емші асырап алған алты балаға мысықтың етін беріп, қорлағанын білдік. Оның ақыл-есі кем деген қаншама анықтамасы болса да кезінде құзырлы органдар оған бала асырап алуға рұқсат бере салған. Яғни, ашық нәрселерге қарамастан, балаларды сондай адамдардың қолына бере салған соттар осы бір өзгерісті пайдаланып, балаларды қорлайтын адамдарға бере салмай ма?

Кейде БАҚ-тан, теледидардан асырап алған балаларға қорлық көрсету фактілері туралы оқып, көріп жатамыз. Ондай фактілер әйел адамдар тарапынан да, ер адамдар тарапынан да кездеседі. Бұндай фактілерді уәкілетті мемлекеттік органдар жете бақылауында ұстап, негіз табылса, сотқа қайта жүгініп, бала асырап алу туралы шешімнің күшін жойып, баланы қайтарып алу мәселесін қарастыруы керек.  

Жалпы, Конституциялық соттың шешімінен кейін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп ойлаймын. Уәкілетті мемлекеттік органдар бала асырап алу тетіктерін одан әрі жетілдіру, бұндай фактілерге жол бермеу мақсатында жаңа бір тетіктермен толықтырылатын шығар. Қазақта «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген мақал бар ғой. Сондықтан, мұндай «құмалақтар» болмауы үшін тиісті органдар өз міндеттерін дұрыс орындауы керек. Әрекетке қабілетсіз адамға баланы асырауға беріп қойса, ол шешім қаншалықты заңды? Яғни, бұндайға кім жол бергенін анықтау керек. Бұндай процестерге сот, қамқоршылық және басқа органдар араласады.

-Жаңа сіз әр саладағы азаматтар өтініш түсірді деп айттыңыз, соның ішінде, экономика саласы да бар екен. Мысалы, бұрынғы шенеунік салық жүйесіне қатысты өтініш түсірді деген ақпаратты көзім шалды. Ол бұрынғы мемлекеттік қызметкерден декларация қабылданбасын деген талап айтқан көрінеді. Ол сондай қандай экс-шенеунік, осы іс туралы айтып бересіз бе?

-Бұл істі Конституциялық сот мәні бойынша қараған жоқ. Өйткені, Конституциялық соттың жұмыс істеу тәртібі бойынша келіп түскен өтініштер алғашқы сатыда судьялардың алдын ала зерделеуінде болады. Сосын барып, Конституциялық соттың отырысына шығарылады. Ол жерде бұл өтінішті іс жүргізуге қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылданады. Сондықтан, сіз айтып отырған өтініш іс жүргізуге қабылданған жоқ.

-Бақыт Маратұлы, осы ретте 16 жыл тәжірибесі бар журналист ретінде және осы елдің азаматы ретінде менің де Конституциялық сотқа жүгінетін бір «бұйымтайым» бар: 2008 жылдың тамызынан бастап мен журналист болып жұмыс істеймін. Мектепте қазақ тілінде білім алдым, университетті де қазақша оқыдым. Бірақ, еңбек жолым басталғанда мен мына мәселемен бетпе-бет келдім: қай мемлекеттік органға бармайын, қандай брифинг өткізбесін, қандай маңызды оқиғалар болмасын сөз сөйлеп тұрған шенеуніктер орыс тілінде баяндама жасайтын. Мен ақпарат агенттігінде жұмыс істеген соң шұғыл ақпарат беру үшін олардың сөздерін үнемі тез-тез қазақшаға аударып беріп жүрдім. Мемлекеттік тілді білмейтін шенеунікті «заң бойынша сіз қазақ тілін білуге міндеттесіз» деп сұрақ астына алатынмын. Бір күні осыдан қатты шаршап, еңбек министріне «орыс тілінде баяндама жасаған шенеуніктің сөзін қазақша аударып берген журналистер екі жұмыс істейді: бірінші аудармашы болып, оларды аударады, екінші журналист болып ақпарат жазады, сонда артық жұмыс істегенім үшін кім артық ақша төлеуі керек» деген сұрақ қойдым. Және бұл сұрақ мені әлі мазалайды: қазір үкімет құрамында да қазақ тілін білмеймін министрлер мен вице-министрлер бар. Бірақ, «Мемлекеттік қызметші туралы» заң бойынша олар қазақ тілін білуге міндетті және мемлекеттік қызметке орналасу үшін қазақ тілінен емтихан тапсырады. Сонымен қатар, Конституцияның 7-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп, ал екінші тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Бірақ, олар тең емес, орыс тіліне басымдық беріп тұр. Осы бірінші тармақтың түсіндірмесінде «мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтық актілері мен өзге де ресми құжаттарының мәтіндерін қағаз және өзге де жеткізгіштерде орналастыру кезінде қазақ тілінің басымдығы; мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми тұлғаларының көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми бланкілері мен басылымдарында қазақ тілінің басымдығы» деп жазылған.  Енді менің сұрағым: шенеуніктер мен әкімдердің қазақша білмеуі және толық білмеуі, қазақша қойылған сұраққа орысша жауап беруі менің Конституциялық құқығымды шектей ме? Солай болса, мен Конституциялық сотқа жүгініп, құқығымды қалай қорғай аламын? Бұл қарауға тұрарлық дүние ме?

-Заңнамалық тұрғыдан алғанда бұл жерде үлкен проблема жоқ деп ойлаймын. Өйткені, Ата Заңның 7-бабында Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп айтылады. Ал, мемлекеттік ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Конституциялық кеңестің 1997 және 2007 жылғы нормативтік қаулылары бар. Олар әлі күшінде. Кезінде Мұхтар Шаханов ағамыз Мәжілісте депутат болып жүрген кезде бір топ депутаттардан осындай өтінішке бастамашылық жасап, Конституциялық кеңестің қосымша нормативтік қаулысының қабылдануына себепкер болған. Конституциялық кеңестің түсіндірмесіне сәйкес, Сіз айтып отырғандай, бізде мемлекеттік тіл біреу – ол қазақ тілі. Мәртебесінің үстем болуы оның жария-құқық саласында қолданылуының айрықшалығы не басымдылығы Конституцияда баянды етіліп, заңдарда белгіленуі мүмкін екенін білдіреді. Ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында тең дәрежеде ресми түрде қолданылады. Қазіргі таңда Парламент заңдарды екі тілде қабылдайды. Конституциялық бақылау практикасында заңдардың екі тілдегі мәтіндерінің тұжырымдамалық сәйкессіздіктерінің болуы қандай да бір заңды конституциялық емес деп тануға негіз болып табылады. Ондай жағдайлар кездеседі. Мысалы, бұрынғы 1997 жылғы Қылмыстық кодекс алғаш қабылданғанда белгілі бір қылмыс үшін қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерде жазаның әртүрлі мөлшерлері қарастырылған фактілер болды. Кейіннен олар жойылды. Сонда, судья ретінде сіз кінәліге қандай жаза берер едіңіз? Сондықтан, бұндай мазмұндық сәйкессіздіктер болған кезде, ондай нормалар Конституцияға сәйкес емес деп танылып, күшін жояды. Мемлекеттік органдарда, соның ішінде Конституциялық сотта да, нормативтік құқықтық актілер екі тілде қабылданып, ресми түрде жарияланады. Іс жүргізу де екі тілде жүріп жатыр. Конституциялық кеңестің қаулысында айтылғандай, қазақ тілінің жария-құқық саласында  қызмет етуінің айрықшалығы не басымдығы заңдарда қарастырылуы мүмкін. Мысалы, Ұлттық валютада, мемлекеттік органдардың мөрінде, шекара бағандарында тек қана қазақ тілін көресіз. Ата заң бойынша үш тұлға қазақ тілін міндетті түрде еркін білуі керек. Ол Президент және қос палатаның спикерлері. Дегенмен, соңғы кезде саяси мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін еркін меңгеру талабын енгізу идеясы талқыланып жүр. Ол бағытта жұмыс жүріп жатыр.  

-Бәлкім оптимист шығармын, бірақ, мен Конституциялық сот әрбір азаматтың құқығын қорғайтынына мен өз басым қатты сенемін. Өзге сатылардан әділдік таппадым деген азаматтар сіздерге қалай жүгіне алады?

Жалпы ереже бойынша, азаматтар өздерінің құқықтарын тікелей қозғайтын, белгілі бір іс бойынша сот шешімінде қолданылған және ол сот актісі күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде қандай да бір құқықтық норманың Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш жолдай алады. Конституциялық сот әртүрлі каналдар арқылы өтініш қабылдайды. Е- өтініш жүйесі бар, электронды үкімет порталы бар, пошта арқылы жіберіп жатыр. Конституциялық сотқа келіп, тікелей өтініш беруге де болады. Бізде азаматтарды қабылдау орталығы бар.

-Айтпақшы, Америка Құрама штаттарының астанасына сапарлаған бір танысым әлеуметтік желіге сол жерден сурет жүктеп, ол жақтағы әділдік органдарының айналасын – қарапайым ғимараттары мен ашық есіктерін көрсеткен. Мен де мына Мәңгілік ел даңғылымен өткен сайын бір-біріне қарама қайшы екі басты ғимаратқа қарап көп ойланамын: оң жағымда Конституциялық сот, сол жағымда Бас прокуратура: екеуінің биік қашалары, үлде мен бүлдеге оранған сән-салтанаты, биікті құдды бір азаматтардан биік, оларға тым алыс мекемелер сияқты сезіледі. Әрине, арнайы органдардың қатты күзетте болу керектігін білемін, бірақ қарапайым халық ғимаратқа қарап-ақ «бұл органдарға кіру мүмкін емес» деген ойда қалатын сияқты. Қалай ойлайсыз?

-Жалпы Конституциялық сот өте ашық органдардың бірі, басынан бастап сондай саясатты ұстанып келеміз. Барлық азаматтардың өтініштерін олардың қатысуымен, келсе - тікелей осында, келе алмаса - онлайн құралдар арқылы байланысқа шығамыз. Түзету мекемелеріндегі сотталған адамдар да өтініштерін жолдап, отырыстарға қатысуда. Бұл – бір. Екіншіден, біз азаматтарды қабылдау орталығын аштық. Оның есігі баршаға айқара ашық. Орталықта біздің қызметкерлер отыр, азаматтарға ыңғайлы болсын деп Астана қаласындағы адвокаттар және заң консультаттарымен меморандумға отырып, келген азаматтарға тегін құқықтық көмек береміз. Тіпті, қажет болған жағдайда, орталықтағы қызметкерлер азаматтардың өтініштерін жазып береді. Орталық былтыр Конституция күніне орай ашылған. Осы уақытқа дейін 1000 аса адам кеңес алды. Қажет деген адамдар ақпаратты сайтан да ала алады. Осы жұмыстардың алғашқы нәтижелерін де көріп отырмыз. Өйткені, былтыр келіп жатқан өтініштердің сапасы мен қазір түсіп жатқан өтініштердің сапасында айырмашылық бар. Біз азаматтардан білікті заңгер болуын талап етпейміз, бірақ, азаматтың қарапайым деңгейде өзінің қандай заңға, қандай жеріне, неге көңілі толмайтынын жеткізсе, болды. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, кейбір шет елдердің конституциялық соттары өтініштің толтырылуына өте қатаң талап қояды. Олар белгілі бір реквизит қате болса, өтінішті қайтарып жібереді. Бізде ондай жоқ. Қазіргі заңнама бойынша, түскен өтінішті тексерген кезде оның қандай да бір жері талапқа сәйкес келмесе,  аппарат қандай сәйкессіздік бар екенін айтып береді. Азамат сол сәйкессіздікті бір айдың ішінде қайта жөндеп жіберсе, ол бірінші келген күнімен түсті деп есептеледі. Мерзімін жоғалтпайды.

-Ал, бір өтінішті қандай мерзімде қарау керексіздер?

-Өтініштің қаралу сатылары бар. Бірінші кезекте аппарат өтініштің дұрыс толтырылғанын қарайды. Одан кейін өтініш судьяға түседі, ол алдын ала зерделеп, бұл өтінішті қабылдауға бола ма, әлде бас тарту керек пе деген екі ұсыныстың бірін енгізеді. Конституциялық соттың судьялары алқалы түрде қарап, дауыс беру арқылы қаулы шығарады. Егер өтініш іс жүргізуге қабылданса, үш ай мерзімде қараймыз. Үш ай деген көп уақыт емес деп ойлаймын, өйткені бұл уақыт ішінде терең зерттеу жүргізіледі. Шетелдік органдардағы әріптестеріміз «неге мерзімдеріңіз сондай қысқа» деп сұрайды.

-11 судья ауысып отыра ма?

-Судьяның өкілеттілік мерзімі 8 жыл. Олар қайтадан тағайындала алмайды.

-Бақыт Маратұлы, сұхбатыңызға көп рақмет! Конституциялық сот Қазақстан азаматтарының игі өмірі үшін қызмет ете береді деп сенеміз!

Серіктес жаңалықтары