Қазақстан атом энергетикасы саласы үшін қанша маман даярлайды

Автор: Нұргүл Абай

Мемлекеттік тапсырыс кадрға қажеттілік негізінде қалыптастырылады

Фото: © freepik.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева атом энергетикасы саласына жыл сайын қанша грант бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, кадр даярлау «Физика» және «Тау-кен ісі» білім бағдарламалары топтары аясында жүргізіледі.

«Жыл сайын осы аталған білім бағдарламалары топтарына қажеттілікке қарай бакалавриатқа 4 мыңға тарта, магистратураға 300, ал докторантураға 75-76 грант бөлінеді. Мемлекеттік тапсырыс кадрға қажеттілік негізінде қалыптастырылады, оны бізге жыл сайын Еңбек министрлігі ұсынады. Егер Еңбек министрлігі осы мамандық өзекті екенін және оған мемлекеттік тапсырыс бөлу қажет екенін айтса, әрине министрлік оны бөледі», - дейді Есинбаева  «ҚазАтомЭкспо» халықаралық ядролық технологиялар көрмесінде өткен «Экономикалық дамудағы ғылым мен білімнің рөлі. Атом өнеркәсібінде білікті мамандар даярлау жүйесі» пленарлық сессиясында.

Сонымен қатар Ғылым министрлігі Энергетика министрлігінен де ұсыныстар күтеді.

«Егер бізге мамандардың нақты санын, орта мерзімдік болжамды айтса, біз қарастыруға дайынбыз», - деді ол.

Оның айтуынша, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби ҚазҰУ бірлескен білім бағдарламаларын жүргізеді. Ал ҚазҰУ базасында Мәскеу инженерлік физика институты Ұлттық ядролық университетінің филиалы ашылған.