Мәскеуде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің спикері Валентина Матвиенкомен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ақпараттық порталы.
Кездесуді ашқан Валентина Матвиенко Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастарының жоғары деңгейіне тоқталды.
«Сізден менің Нұрсұлтан Әбішұлына шын жүректен және ізгі тілектерімді жеткізуіңізді сұраймын. Біз жылдар бойы бір-бірімізді білеміз. Мен оның ізгі қарым-қатынасын қатты бағалаймын. Әрқашан оған үлкен құрметпен қараймын. Ол шынымен де, Қазақстанның мемлекеттілігінің жаңа парағын жазып, Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарының дамуына үлкен үлес қосты», - деді ол.
Өз кезегінде Дариға Назарбаева Красноярск аймағында бөгеттің бұзылуы салдарынан адамдар көз жұмған жағдайға байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ Сенат спикері Валентина Матвиенконы Федерация Кеңесінің төрағасы болып қайта сайлануымен құттықтады. Ол сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
«Біз парламентаралық байланыстардың қарқынды дамып жатқанын әрқашан үлкен оптимизммен атап өтеміз», - деді палата басшысы.
Кездесу барысында Дариға Назарбаева бірлескен шешімді қажет ететін, соның ішінде Парламент деңгейінде талап ететін бірқатар проблеманы атады. Нақтырақ айтқанда, екі ел азаматтарының барып-келу режиміндегі теңгерімсіздіктің жалғасып жатқандығы, шекарадан өткізу пункттерін кеңейту қажеттілігі, сондай-ақ Жайық өзеніндегі экологиялық мәселелер атап өтті.