Моңғолия мектептері орыс тілінен жаппай бас тартып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

2024 жылдың қыркүйегінен бастап моңғол мектептеріндегі негізгі шет тілі - ағылшын тілі болады

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Моңғолияның жаңа білім министрі Пуревсурэнгийн Наранбаяр жаңа оқу жылына дайындық жөніндегі отырыстан кейін осы жаңалықты хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Үшінші сыныптан бастап ағылшын тілін негізгі шет тілі ретінде оқыту бастамасы осы оқу жылында 100 мектепте пилоттық режимде басталады. Pearson English бағдарламасы бойынша аралас, бетпе-бет және онлайн оқыту өтеді», - деді білім беру ведомствосының басшысы.

Gazeta-N1 хабарлағандай, ол ағылшын тілі мұғалімдері магистр дәрежесін алу үшін шетелде оқитынын айтты.

Бұған дейін Филиппинде моңғол, ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау туралы екі елдің сыртқы істер министрлері келіскен болатын.

Сондай-ақ, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ұлан-Баторға сапары кезінде Моңғолияда ағылшын тілі орталығын құру ниетін жариялады.

Естеріңізге сала кетейік, социалистік кезеңде Моңғолияда негізгі шет тілі және мектептерде оқытатын тіл орыс тілі болды.