Қазақстан мен Түркия әскери салада жаңа келісімге келуі мүмкін

Молдатай Сымбат

Құжат 13 тамызда «Ашық НҚА» сайтында жарияланды

Қазақстан мен Түркия әскери салада жаңа келісімге келуі мүмкін
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

«Ашық НҚА» порталында Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімнің жобасы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоба түсіндірмесінде келісімге қол қою екі мемлекеттің әскери мүлкі мен персоналының әуе кеңістігі арқылы транзиті үшін құқықтық негіз құруға және шарттарды айқындауға бағытталғаны жазылған.

«Егер тараптың бірі тараптардың әскери мүлкі мен персоналының транзиті осы келісімнің ережелеріне сәйкес келмейді немесе тараптар мемлекеттерінің заңнамасында айқындалған басқа да мәселелерге, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнеді деп шешсе, транзитке рұқсатты қабылдамау, сондай-ақ бұрын берілген транзитке рұқсаттарды тоқтата тұру немесе күшін жою құқығын сақтайды», - делінген келісім жобасында.

Келісімде ақпараттық қауіпсіздік туралы да жазылған.

«Тараптар осы келісім шеңберінде алынған немесе берілген ақпаратты тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы 2018 жылғы 13 қыркүйектегі әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес қорғауды қамтамасыз етеді. Ақпарат беретін тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз ақпарат ашылмайды немесе үшінші тарапқа берілмейді», - делінген құжатта.

Сондай-ақ, бұл келісімнің ережелерін іске асыру барысында алынған ақпаратты тараптың бірі екіншісіне қарсы пайдалана алмайтыны айтылған. Осы келісім тоқтатылғаннан кейін де алынған ақпаратты жария етуге тыйым салынады.

Келісім 5 жылға жоспарланған. Одан кейінгі кезеңге автоматты түрде ұзартылады.

Қазақстан атынан келісімге Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қол қояды деп күтілуде. Құжат 13 тамызда «Ашық НҚА» сайтында жарияланды және 27 тамызға дейін талқыланады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.