Бакальчуктың Wildberries компаниясы редакция материалынан кейін жалақы дауына ресми жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар мәселені тез арада шешуге мүдделі

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Ресейдегі ең бай бизнесмендердің бірі Татьяна Бакальчуктың Wildberries онлайн дүкенінде еңбек ететін қазақстандық жүк тасымалдаушылары 1,5 айдан бері жалақы көрмегенін бірнеше сағат бұрын жазған едік. Аzattyq Rýhy тілшісі компанияның баспасөз қызметіне хабарласып, ресми жауап алды.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Wildberries-тің басты басымдықтарының бірі – тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету, соның ішінде тауарларды тез және ыңғайлы түрде жеткізіп беру.

«Біз өзіміздің көлік паркімізді кеңейтіп, тұтынушылар өз тапсырыстарын мүмкіндігінше тезірек алу үшін тасымалдаушылар мен мердігерлерді көптеп тартқамыз. Тіпті алыс аймақтар мен ТМД елдерінде де тасымалдаушыларымыз бар. Wildberries-тің Қазақстандағы логистикалық серіктесінің үш автокөлігі Астана қаласында соңғы миля рейстерін орындады. Өкінішке қарай, логистикалық компания жүргізушілердің қызметтері үшін уақытылы төлем жасамаған соң, тауарларды тарату пункттеріне жеткізу кешігуімүмкін. Wildberries бұл жағдайды мүмкіндігінше тез шешу үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатыр», - деп жауап берді баспасөз қызметі.

Олардың хабарлауынша, тараптардың жауапкершілігі – маркетплейс пен мердігер ұйымдардың міндеттері қызмет көрсету туралы шартқа сәйкес анықталады.

«Қызмет көрсету талапқа сай болмаған жағдайда, маркетплейс біржақты тәртіппен ынтымақтастықты тоқтата тұруға, сондай-ақ шартта көрсетілген басқа да санкцияларды қолдануға құқылы. Маркетплейс мердігер ұйымдар алдындағы өз міндеттемелерін уақытылы және толық көлемде орындайды және мердігер компаниялардың қызметкерлеріне сыйақы төлеудегі кідірістерді қолдамайды. Әрбір жағдай жеке тәртіппен қаралып, ынтымақтастық шарттары қайта қаралуы мүмкін», - дейді баспасөз қызметі.

Еске салсақ, компанияның Қазақстандағы өкілдігінде жұмыс істейтін жүк тасымалдаушылары 1,5 ай жалақысын ала алмай жүргенін айтып, Астанадағы қойманың маңына жиналған еді.