Осы салаға 14,5 триллион теңге бағытталған
Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дүйсенова президентке әлеуметтік салаға ақша бөлудің жаңа әдістерін таныстырған. Оның айтуынша, осы тәсілдер қаржының шын мұқтаждарға жетуін қамтамасыз етеді.
«Осы салаға 14,5 триллион теңге бөлінген. Бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің 60 пайызын құрайды. Ауыр тұрмыстық жағдайдағы отбасыларға арналған ұтымды әрі тиімді көмек шаралары әзірленеді», - деп хабарлады Дүйсенова.
Ол сондай-ақ президентке білім, медициналық көмектің сапасы, әлеуметтік нысандар мен ауыл азаматтарын қолдаудағы үкімет қолға алған жобалар жайлы мәлімет берді.
«Мемлекет басшысы қабылданған шаралардың маңызын атап өтіп, аталған ұсыныстарды қолдады. Сондай-ақ бұған дейін басталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды», - деп хабарлайды Ақорда.