Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлап отыр
Иран Президенті Масуд Пезешкианды ұлықтау рәсіміне сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Әшімбаев Иранға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен барған.
Мәулен Әшімбаев Тоқаевтың атынан Иран Ислам Республикасының жаңадан сайланған Президенті Масуд Пезешкианды сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
«Сізге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауы мен жылы лебізін жеткізуге рұқсат етіңіз. Мемлекет басшысы біздің елдеріміз арасындағы екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Иран – Каспий өңіріндегі көршіміз, сондай-ақ, Таяу және Орталық Шығыстағы маңызды сауда серіктестеріміздің бірі. Сондықтан Иранмен қарым-қатынасты нығайту біздің сыртқы саясатымыздағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл ретте Қазақстан Парламенті өз тарапынан елдеріміз арасындағы байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал етеді», – деп хабарлады Мәулен Әшімбаевтің сөзін сенаттың баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл көктемде Иранның сол кездегі президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапқан болатын.