Сергей Станкевич қазіргі маңызды саяси мәселелер туралы айтты
Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельциннің кеңесшісі болған саясаткер Сергей Станкевич шілденің басында болған ШЫҰ саммитіне қатысқан еді. Саясаткердің қазіргі саяси құбылыстар туралы ойын, Ресей-Украина қақтығысындағы Қытайдың ықпалы және Қазақстанның ұстанымы жайлы пікірін Azattyq Rýhy тілшісі өзінің эксклюзивті сұхбатында сұрап білді.
Саясаткер аумалы-төкпелі заманда кез келген саяси мүмкіндікті ел көшбасшылары қолдануға дайын екенін жеткізді.
«Қазір әр мүмкіндікті пайдалану керек. Сол ұстаным бойынша біздің көшбасшылар жұмыс істеп жатыр. Бетпе-бет талқылайтын мәселелер бар, бір қадам алға жылжу бойынша әрекет жасалуы керек. Осының барлығын қолдану мүмкіндігі қолда тұр. Мысалы, Ресей мен Түркия президенттері арасында маңызды келіссөздер өтуі керек еді. Ресей басшысы Владимир Путин Түркияға баратын сапарын үш рет кейінге қалдырды. Оның себебі соңына дейін анықталмады. Қазір Түркия президенті оны асықтырып жатыр. Ол енді кездесуге көнуі тиіс», - дейді Сергей Станкевич.
Сондай-ақ саясаткердің айтуынша, Қытай мен Ресей басшыларының да талқылайтын тақырыптары өте көп.
«Украинадағы әскери дау соңына тақап қалды. Сондықтан келісімнің маңызды тарихи дипломатиялық бөлігі басталады. Дауды реттеуде қайтадан соғысты тұтандыруға жол беріп алмау маңызды. Бұл жерде Қытайдың көмегі тиюі мүмкін. Қытай өзінің бейбіт жоспарын ұсынды. Оны Түркия мен Бразилия қолдады. Қытай Украинадағы соғысты реттеу бойынша ауқымды бейбіт халықаралық форум ұйымдастыруы әбден мүмкін. Оған 50-60 ел қатысуға мүдделі. Оның барлығы Владимир Путин мен Си Цзиньпиннің жабық кездесуінде талқыланды деп топшылап отырмын. Мәселе тек кездесудің қайда өтетінінде болуы мүмкін. Мүмкін, Ыстамбұлда өтетін шығар. Себебі Ыстамбұлдың бітімгершілік процессі сәтті дамыды. 2022 жылдың наурызында ол себепсіз тоқтап қалған болатын. Оны жалғастыруға ниет бар. Мәскеу де, Түркия да оған дайын деп ойлаймын. Бейбіт келісім қайтадан Босфорға келуі мүмкін. Ол үзілген тұсынан емес, осы уақыт аралығында болған барлық өзгерісті қамти отыра жандануы ықтимал», - дейді саясаткер.
Сергей Станкевич Қазақстан жайлы кейбір ресейлік саясаттанушылардың мәлдімдемелеріне қатысты да пікір білдірді.
Еске салсақ, бірер жыл бұрын ресейлік саясаттанушы Дмитрий Дробницкий, журналист Маргарита Симоньян мен оның күйеуі Тигран Кеосаян Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін мәлімдемелер жасаған еді.
«Бұл үрдістің бір салмағы жоқ. Өйткені, кейбір депутаттың, комментаторлардың пікірі көп жағдайда өзін-өзі жарнамалау, арандату мақсатында айтылады. Олар өздері күткен дүниені, яғни талқылау, пікірлер, дау тудыру, танымалдылық пен халықаралық қауесет тудырады. Олар солай жасағандарына дән риза, діттегеніне жетіп отыр. Оларға көп көңіл бөлу арқылы біз келесі мәлімдемелерді айтуға мәжбүрлеп отырмыз. Тұрақты арандатушылар Ресей мен Қазақстан билігі оларға назар аударып, пікір айтқандарын армандайды. Әзірге журналистер назар аударып жатыр, алайда бұл оларға жетпей тұрған сияқты. Оларға билік назар аударса, олар өте бақытты болады. Сондықтан оларды «асырауды» қою керек», - дейді ол.
Сонымен қатар саясаткер әлеуметтік желіде Қазақстанның тәуелсіздігіне сенімсіздік тудыратын, ұлттық алауыздықты қоздыратын елдің кейбір облыстарын Ресейге қосу туралы мәлімдемелер мен жазбаларының қылмыс ретінде қаралуына қатысты пікір білдірді.
«Мен либералды көзқарастағы адаммын, айтылған, жазылған сөздерге қылмыстық жаза тағайындау керек деп ойламаймын. Тек әрекет жасалса ғана жазалау керек деген ұстанымдамын. Бірақ ол - Қазақстанның ішкі мәселесі. Қазақстан мен Ресейдің аймақтары өте үлкен. Бізге халықты көбейту керек. Қазақстан - Еуразияның ірі елдерінің бірі. Бірақ халқы небарі 20 млн ғана. Халықты белсенді түрде көбейту керек», - дейді саясаткер.
Еске салсақ, Астанада 3-4 шілдеде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Сергей Станкевич бұл шараға қатысудың жалғыз жолы журналист ретінде тіркелу болған соң өзі хабар жүргізетін «Говорит Москва» радиостудиясының атынан журналист ретінде аккредитация алып, қатысқан.