Мексика шекарасы арқылы жаяу мигранттар керуені келе жатыр
Доналдь Трамптың президент болып кетуінен қауіптенген жүздеген мигрант Мексикадан АҚШ-қа жаяу бет алды. Олар 5-қараша күні өтетін сайлауда Трамп жеңіске жетсе, «оңтүстік шекарамыздан басып кірушілерге тез арада тосқауыл қоямыз» деген уәдесін орындайды деп қорқады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy AP news – ке сілтеме жасай отырып.
«Шекарадан өтуге берілетін рұхсатты бұғаттап тастайды деген қаупіміз бар», - дейді Сальвадордан келе жатқан мигрант Мигель Салазар.
Оның сөзінше, Трамптың жаңа әкімшілігі мигранттарға арналған CBP One қосымшасының жұмысын тоқтатып тастауы мүмкін. АҚШ-қа заңды түрде кіру үшін баспана сұраушы босқындар АҚШ-тың шекара бекеттеріндегі жауапты қызметкерлерге құжаттарын тапсыруға қосымша арқылы алдын-ала жазылады.
Кубалық жолаушы 55 жастағы Осуальдо Рейна Трамптың мигранттарды «АҚШ-қа басып кірушілер» деп атағаннын сынады.
«Біз бұзақы емеспіз. Өз елімізде қиындық көріп, АҚШ-та жақсы өмір сүреміз деп үміттенген еңбекқор халықпыз», - дейді ол.
Еске салсақ, жақында коронавируспен ауырып қалған АҚШ-тың қазіргі басшысы Джо Байден президенттік сайлаудан өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеді. Ол Камала Харристің кандидатурасын қолдады.
Харрис қараша айында өтетін сайлауда демократиялық партия атынан үміткер болуға ниетті екенін жариялады.
«Президенттің қолдауына ие болу мен үшін үлкен мәртебе және мен осы номинацияға лайық болып, оны жеңіп алғым келеді. Сайлауға 107 күн қалды. Біз бірге күресеміз. Біз бірге жеңеміз», - делінген оның мәлімдемесінде.
Дональ Трамп Джо Байденді АҚШ тарихындағы ең нашар президент деп атап, Камала Харристі жеңу тіпті оңай, себебі ол «президент болуға жарамайтын кәсіби білігі жоқ адам» деп сипаттады.