«Бастапқы 5 жыл президент үшін ең қиын кезең болды»: сарапшы Әшімбаевтің мақаласы жайлы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол 5 жылдық реформалар нәтиже бере бастады деген пікірде

Фото: www.facebook.com

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Жақсыбек Жиенәлиев Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Время» газетінде жарияланған сараптамалық мақаласы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мәулен Әшімбаевтың «Время» газетінде ауқымды сараптамалық мақаласы шығыпты. Оқып шықтық, біраз мәселе қозғалыпты. Тоқаев билігінің алғашқы бес жылына жақсы талдау жасалған екен. Елдегі саяси-экономикалық өзгерістер мен оның қоғамға әсері туралы жан-жақты баяндалған. Осы мақаладан түйгенім, бастапқы 5 жыл президент үшін ең қиын кезең болды, яғни, «күресу кезеңі» деймін, әсіресе саяси шешімдерге қатысты. Әбден тамыры тереңге кеткен ескі жүйемен күресу оңай болмады, бірақ алға қойған мақсаттар мен ұтымды стратегия барлық кедергілерге қарсы тұра білді. Тоқаев қысқа уақытта ауқымды реформаларды іске асыруға болатынын дәлелдеді, бәрін жүйелі түрде, халықтың пікірін ескере отырып жасады», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, ең басты саяси шешім - президенттікті 7 жылдық бір мерзіммен шектеу.

«Өте дұрыс шешім. Экономика өсімі: бес жылдық реформалар нәтиже бере бастады. Шикізаттық емес экспорттың 1,5 есе өсіп, 117 млрд долларға жетті. Бұл жақсы көрсеткіш. Әлі де экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылту тетіктерін дамыту керек. Қазір әлем креативті экономикаға бет бұрып жатыр, осы бағыттағы мамандарды қолдау біз үшін басымдық болуға тиіс. Жалпы саяси және экономикалық монополиядан барынша арылу қажет, қандай сала, бағыт болмасын бәсекелестік керек, сонда ғана даму болады», - дейді ол.