ШЫҰ жиынында бір-біріне қырын қарайтын мемлекеттер достыққа бір қадам жақындай түседі – сарапшы

Автор: Темірхан Айжан

ШЫҰ саммитінің Қазақстанда өтуі еліміздің халықаралық аренадағы маңызын шегелей түседі

Дамир Белгібаевтың жеке мұрағатынан

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Дамир Белгібаев Астанада өтіп жатқан ШЫҰ саммитінің басты міндетінің бірі елдерді бейбітшілікке үндеу екенін айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Қазақстан жас мемлекет болғанына қарамастан, қазіргі таңда бейбітшілікті, тұрақтылықты толыққанды жақтайтын ел ретінде әлемге танылып келе жатыр. ШЫҰ саммитінің Қазақстан жерінде өтуі және оған әлемдік деңгейдегі мемлекет басшыларының келуі еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанының көрінісі деп айтсақ болады. Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан дегендей, бұл жиынның аясында бір-біріне жылы шырай танытпайтын елдер бір үстел басында жиналып, бас қосып, бір табан татулыққа жақындай түседі. Біз бұл жерде Үндістан мен Пәкістан, Ресей мен Түркия, Иран мен батыс елдерінің қарым-қатынасын мысалға алсақ болады», - деді ол.

Сарапшы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ішінде Қытайдың Қазақстан үшін маңызына тоқталды.

«Қытай мен Қазақстан о заманнан бір-біріне көршілік, достық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттер. Кейінгі 10 жылда Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы жаңа кезеңге өтті. Президентіміз Қытайға жиі сапарласа, Қытай Төрағасының шетелге жасаған сапарларының ішінде ең көбі Қазақстанға жасаған сапарлары екен. Қытай потенциалы өте жоғары, территориясы кең Қазақстанды Еуропаға шығар есік ретінде көреді. Қазақстанмен достық қарым-қатынасты ұстану Қытай үшін өте маңызды. Ал ШЫҰ жиынындағы ең үлкен нәтиже – Астана декларациясының қабылдануы. Одан бөлек, 20-дан астам құжат қабылданады», - деді Дамир Белгібаев.

Еске салсақ, бүгін Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысы өтіп жатыр.