«Ауғанстан ШЫҰ-ға диалогтік әріптес ретінде тартылуы мүмкін»: сарапшы саммитте талқыланатын мәселелерге болжам жасады
Ол Қазақстан құрғақ порт саласында дәліз болып отырғанын айтты
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Еркебұлан Қуанбай ШЫҰ саммитінің маңыздылығы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Сарапшы елдер арасындағы ынтымақтастыққа әсер ететін құрлық жолы жайлы айтты.
«Пәкістан, Ауғанстан болсын Орталық Азияны дәліз ретінде қолдануға мүдделі. Саммитте Ауғанстан мәселесі де талқылануы мүмкін. Себебі, ол дәл осы құрлық жолында шекарада маңызды рөл атқарып отыр. Қазақстан Ауғанстандағы тәліптерді терорлық ұйым тізімінен шығарды. Яғни, болашақта Ауғанстан ШЫҰ-ға диалогтік әріптес ретінде тартылуы мүмкін.. Ол құрлық порттарындағы жүк тасымалында қолданылады», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, ұйымның демографиясы өте үлкен.
«Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлеуеті жоғары. Қазақстан мен Қытай арасында азық-түлікті шекарада ұстамай, жедел жіберу бойынша келісімшарт жүзеге асырылып жатыр. Үндістанды экспорт нарығы ретінде қарастыруға болады. Біз дәнді-дақылдар, бидай өнімдері, күнбағыс майын экспорттауымыз мүмкін», - дейді Еркебұлан Қуанбай.
Сарапшының айтуынша, дәстүрлі қарым-қатынастан бөлек технологиялық жаңашылдықтар да қарастырылмақ.
«Электр,су, күн энергиясын қолдану бойынша Қытай алдыңғы елдердің қатарында тұр. Электромобильдердің соңғы технологиясын да айтуға болады. Біз тәжірибені осы жасыл экономика бойынша ала аламыз», - дейді ол.