Алматы әкімдігінде ауыс-түйіс: қала әкімінің орынбасары тағайындалды

Azattyq Rýhy

Сонымен қатар Жетісу ауданының әкімі мен Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы тағайындалды

Алматы әкімдігінде ауыс-түйіс: қала әкімінің орынбасары тағайындалды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Өкімімен Президент Әкімшілігінің келісімімен қала әкімінің орынбасары болып Азамат Қалдыбеков тағайындалды, ол бұрын Алатау ауданының әкімі қызметін атқарған.

Сондай-ақ, Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева тағайындалды.

Ал, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы болып Әлішер Сатыбалдиев тағайындалды.

Азамат Қалдыбеков 1984 жылы 11 қазанда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Дьюк университетінде (Солтүстік Каролина, АҚШ) құқық магистрі дәрежесін алды, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «философия докторы» (Phd) ғылыми дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданы № 2 аудандық сотының жетекші маманы қызметінен бастаған. Әр жылдары ҚР Ұлттық банкі, Самұрық-Қазына АҚ, "Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ құрылымдарында жұмыс істеді.

2018 жылы Алматы әкімі аппаратының бас инспекторы, 2018 жылдың шілдесінен 2019 жылдың наурызына дейін Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. 2019 жылдың наурыз-қазан айлары аралығында Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, 2020 жылдың қаңтарына дейін Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылғы Бірінші Президенттік Жастар кадрлық резервіне кірді. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі тағайындалғанға дейін Алатау ауданының әкімі болып жұмыс істеді.

Ләззат Жылқыбаева 1975 жылы 29 наурызда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Х. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін және экономика және құқық академиясын бітірген.

Еңбек жолын Алматыдағы № 1 Алматы Қазақ педагогикалық колледжінің тарих пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 2006 жылдан бастап Алматы қаласы білім басқармасының құрылымында жұмыс істеді. 2012 жылдан 2016 жылға дейін Алматы қаласы білім басқармасының білім бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2016 жылдан 2019 жылға дейін Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары, 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі тағайындалғанға дейін Алматы қаласы білім басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Әлішер Сатыбалдиев 1990 жылы 19 ақпанда Алматыда дүниеге келген. «Тұран» университетін, UIB Халықаралық бизнес университетін, Maxwell School of Citizenship and Public Affairs (Executive Certificate of advanced study), Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2012 жылы Алматы қаласы «Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» КММ бас маманы, кейін бөлім басшысы қызметінен бастады. 2016-2017 жылдары бизнес-құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдарда басшылық қызметтер атқарды.

2017-2019 жылдары «Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ табиғат қорғау бағдарламаларын іске асыру басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. 2019-2021 жылдары Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2021 жылы «Алматы «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, басқарма төрағасы аппаратының басшысы болып жұмыс істеді. 2022 жылдың мамыр айынан бастап «Алматы Индустриалды аймағы» ЖШС Бас директоры, Басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.