Ал облысты Нұрдәулет Қилыбай осы жылдың 17 мамырынан басқарады
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша, облыс әкімінің өкімімен Тілеген Әбішев Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал әкімнің бірінші орынбасары лауазымына Ербол Ізбергенов тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тілеген Ақанұлы Әбішев 1977 жылы туған, білімі жоғары, 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне түсіп, «Тележурналистика» мамандығын, 2012 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде «заңгер» мамандығын иеленген. «Іскерлік басқару» магистрі.
Әр жылдары «Астана», «Хабар 24», «Atameken Business Channel» телеарналарында еңбек еткен.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Н. Назарбаев әуежайы» АҚ баспасөз қызметтерін басқарған.
2020 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені құрылымдарында еңбек етіп келді. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап осы күнге дейін «ҚР Президенті телерадиокешені» ШЖҚ РМК директорының орынбасары қызметін атқарды. «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Ал Ербол Күрентайұлы Ізбергенов 1973 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы инженер-құрылысшы. «Іскерлік басқару» магистрі.
Еңбек жолын 1991 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясы құрылыс-жинақтау учаскесінің тас қалаушысы қызметінен бастаған.
Әр жылдары өңірлік деңгейдегі құрылыс мекемелерінде, Ақтау қаласы әкімдігінде еңбек етіп, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде басқарма басшысы болып еңбек еткен.
2019-2020 жылдары «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймақ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін «Атамекен» республикалық кәсіпкерлік палатасының директоры болды.
2020-2023 жылдары аралығында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және Ақтау қаласы әкімінің лауазымдарын атқарды.