Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орталық құру ұсынылды
Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсенді тарту. ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға айрықша тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан тәлібтер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл мәселеде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өзара келісілген ұстанымы болуы керек екеніне назар аударып, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы әрекет ету жүйесін жетілдіру қажет екенін ескере отырып, ҰҚШҰ күш-жігерін ұйым жарғысына сәйкес мүше-мемлекеттер үшін барынша өзекті әрі тиісті жұмыс бағыттарына жұмылдыруды ұсынды. Қазақстан аталған міндеттерді Ұйымға төрағалық ету кезеңінде басым бағыт ретінде белгіледі. Атап айтқанда, Президент терррорлық қауіп-қатермен күресу және ҰҚШҰ-ға мүше елдер азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет деп санайды.
Бүгін Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесті.