Тоқаевтың латын әліпбиіне көңілі толмайды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында  латын әліпбиінің соңғы нұсқасына қатысты пікір білдірді

«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», - деп жазды мемлекет басшысы.

Былтыр 20 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын негізіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын жарлықпен бекітті. Үш рет өзгертуге түсіп, соңғы нұсқасына тоқтаған ғалымдар қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдады. Алайда тіл мамандары қазір пайдаланылып жүрген әліппеде кейбір таңбалардың бірнеше дыбысқа тән екенін, оны өзгерту қажеттігін айтып жүр.

Мемлекет бекіткен жоспар бойынша мектеп оқушылары 2022 жылдан бастап латын әрпімен сауат ашуы керек. Ал 2025 жылға дейін барлық іс қағаздары, оқулықтар мен БАҚ латын қарпіне көшеді деп жоспарланған. Қазір көптеген мекемелер, мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдары, оқу орындары атауы мен қағаздарды жаппай латын әрпімен жазу үрдісін бастаған. Президент бүгінгі мәлімдемесінде нақты қандай қателіктерді түзету керектігі туралы ашық айтпаған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы