Қазақстандағы қытай инвесторлары дауды қалай шешеді: Бейжіңде АХҚО соты және ХТО кеңсесі ашылды
Инвесторлардың құқығы жақсырақ қорғалатын болды
Бейжің қаласында (Қытай) "Астана" халықаралық қаржы орталығы Соты және Халықаралық төрелік орталығының әлемдік деңгейдегі жаңа кеңсесінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
АХҚО Соты мен ХТО қызметін 2018 жылы 1 қаңтардан бастап атқарып келеді. Осы алты жылдың ішінде инвестицияларға байланысты 2 600-дан аса іс пен дау тараптары 100% шешілген. Қазақстанда бизнес жүргізетін 28 елдің инвесторлары өздерінің инвестициялық дауларын АХҚО Соты мен ХТО-да шешу үшін 10 000-нан аса іскерлік келісімшартына АХҚО Соты мен ХТО-ның үлгілік ескертпелерін қосты. Бұл шарттардың едәуір бөлігі Қытайдан Қазақстанға инвестициялар тартуға бағытталған.
Бейжіңдегі беделді China World Tower ғимаратында орналасқан АХҚО Соты мен ХТО-ның жаңа кеңсесінің отырыс залдары заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған. Бұндағы мақсат – Қазақстандағы Қытай инвесторлары үшін олардың АХҚО Соты мен ХТО-ға берілген дауларды өз елінде жайлы жағдайда шешу мүмкіндігін беру.
Сонымен қатар АХҚО Соты мен ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт мырза Бейжің қаласына сапары барысында 110-нан аса елден 20 000-нан астам бизнес өкілі жиналған Шетелдегі бизнесті дамыту жөніндегі Қытай қауымдастығының (China Overseas Development Association, СODA) халықаралық конференциясына қатысты. Аталған іс-шара аясында Кэмпбелл-Холт мырза дауларды шешу жөніндегі серіктестермен, аға заңгерлермен және Қазақстанда бизнес жүргізетін немесе жүргізуді жоспарлап отырған кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Қазақстандағы Қытай инвесторлары үшін коммерциялық дауларды шешудегі Еуразиядағы озық институттары ретінде АХҚО Соты мен ХТО-ның позициясын одан әрі нығайту мақсатында CODA-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.
«Біз қытайлық компаниялардың Қазақстанға инвестициялары көлемінің өсуін қолдау үшін жүргізіліп жатқан маңызды жұмыстарға қосымша, Қытай астанасының төрінде халықаралық стандарттарға сай АХҚО Соты және ХТО кеңсесінің ашылғаны туралы хабарлауға қуаныштымыз. Қытай инвесторлары бірқатар істе өздерінің заңды құқықтарын қорғау үшін АХҚО Соты мен ХТО қызметтеріне жүгінген де болатын. Бейжіңдегі біздің соңғы бастамамыз бұл инвесторлар мен Қытайдан келетін болашақ инвесторларға олардың АХҚО Соты мен ХТО арқылы дауларды өз елінде де тәуелсіз, уақтылы және экономикалық тиімді шешу мүмкіндігіне қол жеткізуіне жол ашады»,- деді Кристофер Кэмпбелл-Холт.
АХҚО соты мен ХТО-ның Қазақстанда Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Қазақстанда бизнес жүргізетін инвесторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Еуразияның келесі сегіз елі – Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанда цифрлық технологиялармен жабдықталған халықаралық стандартты кеңселері бар. Жаһандық инвесторлар Еуразиядағы коммерциялық дауларды шешуде АХҚО Соты мен ХТО-ға артықшылық береді. Сондай-ақ аталған институттар – олардың Қазақстанға инвестициялау туралы шешім қабылдауында «шешуші фактор».