Кейде бізді бейтараптығымыз үшін сынайды, бірақ мұны өз көзқарасы жоқ деп қабылдамаған жөн – Тоқаев

Президенттің айтуынша, бейтараптықты саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсіну керек

Кейде бізді бейтараптығымыз үшін сынайды, бірақ мұны өз көзқарасы жоқ деп қабылдамаған жөн – Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурға мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта 46-шы Сингапур дәрісін оқыды. Дәріс барысында мемлекет басшысы Қазақстанды бейтараптығы үшін сынайтындарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өз лекциясында президент жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірімен бөлісті. Тоқаев Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді.

«Барлық сыртқы серіктесіміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бей-жай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз», - деді президент.

Осы орайда мемлекет басшысы Қазақстанның бейтараптығын «өз көзқарасы мен сенімі жоқ деп қабылдамау» керектігін атап өтті.

«Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз», – деді Тоқаев.

Президент Қазақстанның Әзербайжан мен Армения арасындағы бітімгерлік үдерісіне ықпал ету әрекетін, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ара ағайындығын, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана процесін, сондай-ақ жақында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталары аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күштерін жіберуін мысал ретінде атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.