Қазақстанда саяси партия тіркеу үшін қажетті адам саны екі есе азаяды

Автор: Azattyq Rýhy

Саяси партияны тіркеу жеңілдетіледі

Фото: sputniknews.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Саяси партиялар туралы» Заңға өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, мақұлданды.

«Саяси партияларды құру үшін партия мүшелерін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету ұсынылады», - деді құжатты таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаев.

Әділет министрінің баяндамасы өте қысқа болды. Марат Бекетаев бұл ақпараттан бөлек партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квота қарастырылатынын еске салды.

Қосымша баяндама жасаған депутат Снежана Имашеваның айтуынша, заң жобасы жаңа саяси партиялардың пайда болуы үшін жағдай жасауға бағытталған.

«Жұмыс тобының мүшелері заң жобасын қабылдау идеологиялық және саяси әралуандыққа оң әсер ететінін, сондай-ақ теңдік және мемлекеттік шешімдерді тұжырымдау мен қабылдауға пропорционалды қатысу қағидаттарында көппартиялықтың қалыптасуына сапалы жаңа жағдай жасайтынын атап өтті. Сонымен қатар, енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар партиялық жүйе мен партиялық құрылыстың одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді», - деді Имашева.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 20 желтоқсанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынды.

«Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңіне өтетіндей дәрежеге жетті. Тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынамын, яғни 20 мыңға дейін. Жалпы, партияларға және сайлауға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек», - деді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан