Алматы облысында ТЖ кезінде әскерге шақырылған жігіт соққыға жығылды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті - 51 жастағы такси жүргізушісі

Бір ай мерзімге әскерге аттанған 24 жастағы сарбазды Қарасай ауданының Райымбек ауылында такси жүргізушісі ұрып кеткен деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Оқиға 16 сәуірде болған. 51 жастағы күдікті араға 4 күн салып ұсталды. Ол бұған дейін де бұзақылығы үшін сотталған екен.

«Төтенше жағдай кезінде арнайы шақырылған, құрамында екі әскери сарбазы бар патруль өздеріне бекітілген Қарасай ауданының Райымбек ауылының аумағын күзетіп жүрген. Патруль талабы бойынша тоқтаған Лада Гранта көлігінің 51 жастағы жүргізушісі автокөліктен шығып, өзгелердің алыста тұрғанын пайдаланып, 24 жастағы сарбазды соққыға жыққан. Ол дереу оқиға орыннан ізін суытқан. Қазір күдікті азамат ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Қарасай АПБ Тергеу бөлімінің тергеушісі Айдын Сейітов.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында өтініш жазған 200 жігіттің 78-і ғана әскерге жарамды болып шықты

Аталған жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті 2004 жылы өзгенің денсаулығына қасақана жеңіл жарақат салғаны үшін сотталған.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы