Қошанов пен Сингапур парламентінің спикері екі елдің ынтымақтастығын талқылады
Сингапур Республикасы Парламентінің спикері Сеа Киань Пэн Астанаға ресми сапармен келіп отыр
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Сингапур Республикасы Парламентінің спикері Сеа Киань Пэнмен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кездесуде Ерлан Қошанов Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл сапар Қазақстан-Сингапур қатынастарын жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге зор серпін беретініне, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
«Биыл Қазақстан мен Сингапур арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 31 жыл толды. Осы уақыт ішінде сенім мен сыйластыққа негізделген екіжақты ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапурдың бұрынғы басшысы Халима Якобтың былтырғы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезіндегі кездесуі септігін тигізді. Парламентарийлер ретінде біздің міндетіміз – көшбасшыларымыз қол жеткізген барлық келісімдерді жүзеге асыру үшін жағдай жасау», – деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов әріптесіне Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен болып жатқан өзгерстер туралы айтып берді. Осы орайда Сингапур мен Қазақстанның ішкі саяси бағытының ұқсастығына назар аударды. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басшылыққа алатан «әртүрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт» қағидатының мызғымастығына мән берді.
«Бұл стратегия Әділетті Қазақстан, прогрессивті мемлекет құруға және халықтың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Түрлі өзгерістерге, инновацияларға бейімделу, реформалар қабылдау – дамыған ұлттың өзегі. Бірақ одан да маңыздысы – халықтың жауапкершілігі мен жасампаздығы. Осы құндылықтар әлеуметтік әділдікті қалыптастырудың негізінде жатыр», – деді Сеа Киань Пэн.
Сингапур Парламентінің спикері екі ел ынтымақтастығын дамытудағы болашағы зор салалардың қатарында экономика, білім беру мен денсаулық сақтауды атап өтті.