Қазақстан мен Ауғанстан екі ел арасында тікелей рейс ашуы мүмкін
Бұл туралы Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі мәлім етті

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына байланысты Кабул мен Астана арасында тікелей әуе рейсін ашу керек. Бұл туралы Ауғанстанның Сыртқы істер министрлігі Х желісінде жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Айта кетейік, ҚР вице-премьері Серік Жұманғарин Ауғанстанға сапары кезінде Ауғанстан Премьер-Министрінің орынбасары Абдул Гани Барадармен кездесті. Кездесу барысында екі тарап темір жол және әуе байланыс мәселесін кеңінен талқылаған.
Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тараптар екі ел арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру керек деген мәселені талқылаған.
«Қазақстан мен Ауғанстанның авиациялық билігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде Тараптардың авиатасымалдаушылары аптасына 3 тұрақты жолаушылар жүк рейстерін орындауға құқылы. Қазақстандық тарап бұл мәселені Ауған авиакомпанияларынан өтінімдер түскен кезде қарауға дайын», - деп хабарлады ҚР Үкіметі.
Ал, Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі Х желісіндегі ресми парақшасында Кабул мен Астана арасында тікелей рейс ашу керек екенін ашық мәлімдеген.
«Екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына байланысты Кабул мен Астана арасында тікелей әуе рейсін ашу керек», - деп жазды Ауғанстан СІМ.