Қазақстан мен Түркия инвестициялық келісімдерге қол қойды
Тараптар құны $180 млн-нан астам инвестициялық ынтымақтастық саласындағы коммерциялық 10 құжатқа қол қойды
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Анкараға барды. Басты мақсат – қазақ-түрік ынтымақтастығының сапалы дамуын қамтамасыз ету және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған елдің экономикалық өсуін жеделдету жөніндегі міндетке қол жеткізу үшін жаңа перспективалы салалардағы өзара іс-қимыл әлеуетін ашу, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл ретте астықты терең өңдеу, көмір химиясы, мұнай-газ өнеркәсібі, мұнай-химия және басқа салалардағы бірлескен жобалар қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов Анкара қаласында Түрік Республикасы басшысының қабылдауында болды, Түркияның Вице-Президентімен келіссөздер жүргізді, ірі түрік компаниялары мен холдингтерінің өкілдерімен кездесуде инвестициялық ынтымақтастық мәселесін талқылады, сонымен қатар қазақ-түрік бизнес-форумында сөз сөйледі.
Олжас Бектенов бизнес өкілдеріне еліміз маңызды жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
«ҚР Үкіметінің басшысы кәсіпкерлердің назарын неғұрлым перспективалы салаларға аударды. Олардың ішінде мұнай-газ химиясы, көмір химиясы, өндірісті локализациялауды тереңдетуге және шығарылатын техниканың модельдік қатарын кеңейтуге бағытталған машина жасау саласына басымдық берілді. Бизнес-форум нәтижесінде Қазақстан мен Түркия делегациялары басшыларының қатысуымен жалпы құны $180 млн-нан астам инвестициялық ынтымақтастық саласындағы коммерциялық 10 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде дайын өнімді экспорттау жөніндегі меморандум, логистикалық хаб салу туралы келісімдер, сондай-ақ кальцилендірілген сода, жаңбырлатып суару жабдықтарын, тоқыма емес материалдар шығаратын бірқатар зауыттар салу туралы, суару жабдықтарын құрастыру бойынша келісімдер бекітілді. Сонымен қатар тұқым шаруашылығы саласындағы озық тәжірибе алмасу, сондай-ақ тұқым жеткізу перспективалары туралы келісімге қол қойылды», - делінген хабарламада.