Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Қытайға ресми сапармен келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен өткен кездесу кезінде екі жақ парламентаралық диалог, екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастық сияқты көптеген мәселелерді талқылады.
«Соңғы жылдары Төраға Си Цзиньпин мен Президент Тоқаевтың стратегиялық басшылығының арқасында екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Қытай алдағы уақытта да Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдай береді. Қытай әрқашан Қазақстанның өз даму жолын, оның өркендеу мен тұрақтылыққа бағытталған сыртқы және ішкі саясатын қолдайды», – деді Чжао Лэцзи.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен кездесті. Қытай тарапы Қазақстанның жаһандық ықпалының өсуін және оның халықаралық аренада дауыс беру құқығын арттыруды қалайды.
Ал, Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен өткен кездесуде екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың қарқыны, баламалы энергия, трансшекаралық электронды сауда, спутниктік телекоммуникация сынды жаңа салаларда байланыстарды тереңдету перспективалары талқыланды.
Мәжіліс делегациясының ресми сапары ертең Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында жалғасады.