Кездесу кезінде екі тарап мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақорда хабарлағандай, Тоқаев мейманға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі – Грузиямен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өткен.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде қазақстандық бизнес Грузия экономикасының түрлі секторында қызмет етеді және екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі кеңейтуге үлес қосып келеді.
«Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, футболдан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының ақтық кезеңіне шыққан достас Грузия халқын құттықтап, сәттілік тіледі», - деп хабарлайды Ақорда.
Өз кезегінде Шалва Папуашвили құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл Грузия Парламенті төрағасының Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары екенін, сондықтан оның сапары айтулы оқиға саналатынын атап өтті.
Шалва Папуашвили Грузияның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Оның айтуынша, Тбилиси Астанамен жан-жақты байланыстарды, соның ішінде көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ниетті. Бұл ретте Грузия Парламентінің спикері Мемлекет басшысының Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамыту туралы бастамасын қолдады.