Қытайдың Еуропаға бағытталған жүгінің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді - Президент

Автор: Аягөз Құрмаш

Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы рекордтық көрсеткішке жетті

Фото: akorda.kz

Хайнань провинциясында Боао Азиялық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай ынтымақтастығы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Бүгінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісін ұсынады. Оның нәтижесінде біздің ел Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық өткізу пунктіне айналды. Қытайдың өңірдегі сауда үлесінің жартысы Қазақстанға тиесілі. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы былтыр 1 млрд долларды құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. 2023 жылы біздің елдер арасындағы жүк айналымы 22 пайызға артып, 30 млн тоннаны құрады», - деді Мемлекет басшысы. 

Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келген сапарының бірінде «Бір белдеу-бір жол» новаторлық идеясын ұсынғанын айтты. 

«Бұл бастама шығыс пен батыс арасындағы тауар айналымды арттырды. Қазақстанға  Қытай мен Еуропа арасындағы барлық континенталды жүк тасымалының 80 пайызы тиесілі. Бұл басымдықты біз барынша пайдалануымыз керек. Біздің стратегиялық инвестициямыз қазіргі заманғы модальдық инфрақұрылым құруға бағытталған», - дейді Президент. 

Еске салсақ, дәстүрлі Боао Азиялық форумы үш күнге созылады. Онда Азияның ішкі мәселелері талқыланады.