Бұл тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік – Жаңбыршин

Ол әлемнің көптеген елдері өз тарихын тұғырлы тұлғалармен байланыстыратынын мысалға алды

Бұл тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік – Жаңбыршин
Фото: «AMANAT» партиясы

Бүгінгі бейбіт қоғамда өмір сүріп, оқ-дәрінің иісін сезбеген, Отан үшін күрестегі шайқастармен терең таныспаған ұрпақ өсіп келеді. Олардың арасында тарихи оқиғаларымыз бен тұлғаларымызды жоққа шығарғысы келетіндер де бар. Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин депутаттық сауал жолдап, Премьер-Министр Олжас Бектеновке проблемаларды жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутат өз сөзінде ел боламыз десек, әрбір тарихи оқиғаны, сол оқиғалардың бел ортасында жүрген тұлғалардың атын – жас ұрпақтың жадында тасқа қашағандай етіп таңбалау керектігін айтты. 

«Кеше ғана Ұлттық Құрылтайда елімізге арналған келелі идеологиялық, адами құндылықтар, азаматтардың құқықтары, әлеуметтік және саяси-экономикалық бағыттағы мәселелер нақты көтерілді. Мемлекет басшысы бәріміз көтеріп жүрген үлкенді-кішілі өзекті ойларға тоқталып, олардың іске асуын нақтылады. Құрылтайда өз тарапымнан нағыз шайқаста қасық қаны қалғанша ерлік көрсеткен майдангерлеріміздің, Президент айтқандай: «Адал адам» қағидатына сай тарихи тұрғыдан әділ бағалануы тиіс екенін көтердім. Өйткені, әлемдегі барша ұлттарды жойып, өздерінің нацистік идеологиясын орнатқысы келген фашистерге аталарымыз қасқайып қарсы тұрды», - деді депутат.

Әлемнің көптеген елдері өз тарихын тұғырлы тұлғалармен байланыстырады, тіпті олардың есімдерімен арнайы дәуірлерді атайды. Оған қоса, ордендері мен медальдарына рухани көсемдерінің, мемлекетінің айбынды қолбасшыларының есімдерін берген. Бұл ұлттың ұлылығын және саяси мәдениетінің биіктігін білдіреді.

«Осы ретте, кешегі Ұлттық Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті орнату үшін еліміздегі аты аңызға айналған қаһармандарымыз – Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовтың есімдерімен аталатын арнайы ордендерді тағайындауды ұсынды. Президенттің бұл ұсынысы – адамзат өркениетінде зардабы жөнінен бұрын соңды болмаған, миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған, тағдырларын талқан еткен екінші дүниежүзілік соғыстағы 1 млн 400 мың қазақстандық майдангердің рухына деген нағыз құрмет. Бұл отаншылдықты, ұлттық бірегейлікті нығайтуға келелі ықпал етеді», - деді депутаттық сауалында Еділ Жаңбыршин.

Ол батыр бабаларымыздың рухына көрсетілген Құрылтайдағы маңызды бастама ақпараттық тұрғыдан жан-жақты таратылмай, қоғамда лайықты деңгейде насихатталмады деп санайды. Ол батырлардың атындағы мәртебелі ордендерді тағайындауды ұсынды.

«Бірінші кезекте, біз Мәжіліс депутаттары осы тың идеяға арнайы тоқталуды жөн көрдік және аталған ұсынысты заңды түрде бекітуіміз қажет. Бұл шешімді тез арада алдағы Отан қорғаушылар күніне дейін қабылдап, алғашқы сарбаздарымызды еліміздің біртуар перзенттерінің атындағы мәртебелі ордендермен марапаттауымыз керек. Бүгінгі біздің депутаттық сауалымыз – Құрылтайда көтерілген мәселелерді Үкіметке ресми мінберден арнайы жолдау. Осыған орай Үкімет, майдангерлеріміздің атын мәңгі есте сақтау шараларын қолға алсын. Екіншіден, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді қайта жаңғыртып, майдангерлердің деректері цифрландырылған арнайы Ұлттық порталды жасауы қажет. Үшіншіден, бұл жұмыстарға көпжылдық тәжірибесі бар қоғамдық ұйымдарды тартып, аталған жобаларға барлық көздерден қаржыландыру қарастырылуы тиіс. Егер осы мәселелерді тыңғылықты іске асырсақ, адал перзенттік парызымызды орындап, тарихи әділдікті қалпына келтіреміз», - деді «AMANAT» фракциясының мүшесі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.